Баян Есентаева жаңа жігіттер тобын таныстырды

Баян Есентаева жаңа жігіттер тобын таныстырды
Фото: tengrinews.kz

«Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Түнгі студия» бағдарламасында танымал қазақстандық продюссер Баян Есентаева «Алау» атты жаңа жігіттер тобын таныстырды. Жаңа бойз-бендтің ел алдына шығатыны туралы осыған дейін айтылған болатын.

Ұлттық арнадағы бағдарламада «Алау» тобының тұсауы кесіліп, әсем әндерін шырқады. Топ Ержан Мұқатаев, Әсет Арыстанбек, Хамит Сатаев және Ербол Салықбаев есімді төрт жігіттен тұрады. Топ мүшелеріне Баян Мақсатқызы арнайы тоқталып, ерекше қырларына тоқтала кетті.

- Жігіттермен жұмыс жасағаныма екі айдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында әрбірінің бойындағы ерекшелігін байқадым. Жігіттер – өте ұйымшыл. Алға қойған мақсаттары жоғары. Топқа қойған ең бірінші талабым мен тапсырмам – көш басында болу. Олар барлығын жақсы түсінеді. Топтағы жауапкершілігі мол жігіт, ол – Әсет. Оның тәжірибесі мол. Көптен бері бимен айналысады. Кәсіби биші. Әнді де керемет айтады. Өте сезімтал жан, бірақ неге екенін білмедім, математика мамандығы бойынша оқып жатыр.

Хамит – жігіттердің арасындағы ең салмақтысы, тұйық. Бірақ қыздардың барлығы оны жақсы көреді. Ең сымбатты, сұңғақ бойлы және менің ойымша топтың ең еркесі де – Ержан. Ол кешіге салады. Жымиып күлгенінде қыз атауы еріп кетеді. Ал Ербол – ең тәжірибелі әнші. Ән саласында үлкен мектептен өткен вокал өнерінің үздігі. Өте талантты жігіт, - деді.  

Бағдарлама барысында топ атының не себепті «Алау» деп аталғаны да айтылды. Бұл сұраққа Баян Есентаеваның өзі жауап берді.

- Бұл топтың атын мен де, жігіттердің өздері де қойған жоқ. Мұны «Жанды дауыстағы» жетекшісі Дастан Оразеков қойды. Олар Дастанның командасында 12 апта бойы жұмыс жасады, - деді.

Бағдарлама соңынан Баян Есентаева «instagram» желісіндегі жеке парақшасында жақында топтың бейнебаяны шығатынын хабарлады.

- Сіздер қалдырған пікірлерге қарағанда, бұл іс біздің қолымыздан келген секілді. Біздің жігіттерді қарсы алыңыздар... Жақында жаңа бейнебаянымыз шығады!!!», - деп жазды топ продюсері.

Н. Үсенова