«Япурай» әнінің шығу тарихын білеміз бе?

«Япурай» әнінің шығу тарихын білеміз бе?
Фото: вк

Қазақта лирикалық сезімге тұнып тұрған халық әндері қаншама? Соның бірі — бәрімізге белгілі «Япурай» әні. Сол әннің шығу тарихына үңіліп көрейік. Бір жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасында «Қазақтың жүз әні» атты телехабарда қазақтың «Япурай» әніне қатысты әр түрлі ой-пікірлер айтылды. Хабар барысында әлдекім бұл әнді Затаевич Бөкей ордасында естіп нотаға түсіріпті десе, әнші Құдайберген Бекішев өткен ғасырдың 80 жылдары Алматыға келген моңғол оркестрі осы әннің әуенін моңғолдікі деп орындағанын және соған күні бүгінге дейін таңғалатынын жеткізді. Белгілі музыка зерттеушілер мұнда ежелгі түркі-моңғолдық сарын бар деп те қалды. «Япурай» әнін біз халық әні деп келсек, кейінгі кезде оны біреулер Мағжан Жұмабаевқа теліді. Ал Мағжанды көзі көргендердің жазуынша, ұлы ақынымыз қолына домбыра ұстамаған, ән салмаған екен.

Көптеген әндердің шығу тарихы туралы жазып, халқымызға мол мұра қалдырған дарабоз композитор Илья Жақановтың назарынан осы «Япурай» әні де тыс қалмаған екен.

«Осы аса бай ән мұрадан бізге Мұхит әндері ғана біршама белгілі. Алайда бұл дархан дарынның өзінің бірталай әндерінің хикаясы, шығу тарихы және өмірінің елеулі кезеңдері тиянақты зерттелмеген. Осы жайт мені ұдайы ойландыратын. Ақыры 2000 жылдан бастап нақты іске кірісуге бел будым», — дейді әндер тарихын зерттеп, зерделеп жазған «Зәуреш» жинағында Илья Жақанов.

Сол сүбелі зерттеулерінің бірі  осы «Япурай» әнінің шығу тарихы.

«Александр Викторович Затаевич Орал өңірінен бұл әннің екі  нұсқасын нотаға түсірген. Екеуінде де ән «Я, пірім» деп аталған. Біріншісін Құлсүйіндік деген ауылда әкесі қазақ, шешесі қалмақ  Шомбал Доспамбаев есімді әнші жаздырған. Екіншісін берген әнші - Ғалымжан Шынғалиев. Соңғы әнші жөнінде Затаевич: «Песню эту, по словам сообщившего ее Г. Шынгалиева, пели в конном строю казахи, выступавшие в 1920-21 годах против бандитских шаек в Уральской  губернии», - деп қызықты дерек қалдырды.

Затаевичтің бұл сөзін тірілтетін мынадай бір жағдайдың куәсі болдым: 1976 жылы күз айында (ол кезде мен Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы едім) Кеңес Одағының халық артисі, опера әншісі Ришат Абдуллин аспаптық трионың сүйемелдеуімен біраз әндерді радио студиясында бір апта бойы жаздырғаны бар. «Япурай» әніне ерекше мән беріп, оның бірнеше дублін жасап: «Көп әнім - бір төбе, «Япурайым»  бір төбе»,  дегені есімде. Кейін ол әндерді көркемдік кеңестің шешімімен алтын қорға қабылдағанымызда сол мәжіліске арнайы шақырылған композитор Латиф Хамиди былай деді: «Е, бұл «Япурай» әніне менің ықыласымды ерекше аударған кісі Қалибек Қуанышбаев еді.

Сонау бір жылдарда қазақ драма театры Қызылорда қаласында жұмыс істей бастағанда спектакльдер арасында концерттер де қойылған. Қазақтың көп әні сол кезде жарқырап тұрып көрінген. Режиссер Жұмат Шанин «Япурай» әнін Иса Байзақовқа орындатып, жаны рахат табады екен. Қалибек осыны дәйім тамсана сөз ететін-ді. Келе-келе бұл ән Құрманбек Жандарбековтің орындауында отызыншы жылдардың ортасында басқа бір қырынан танылды. Мен дәл сол кезде Алматыға келген едім. Құрманғазы атындағы оркестрде Ахмет Жұбановпен бірге дирижер боп істеп жүргенімде қалалар мен ауылдарда болып жататын концерттерде талай әншіге фортепьяномен сүйемел жасаған кездерім болды. Сонда «Япурай» әнінің сүттей ұйыған сұлу әуезіне жан-тәніммен берілдім. Семейде драма театры ашылғанда оған біраз уақыт музыка жағынан көркемдік жетекші боп, концерттерге ылғи осы  «Япурай» әнін қосып жүрдім. Абай елі мұндай сабырлы, ойлы, сырлы әндердің қадірін біледі. Талғамы биік жұрт. Бір жолы мен Мұхтар Әуезовтің айтуымен Абай әулетінің Архам есімді үні зор әншісінен «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін нотаға түсіріп, оның фортепьяноға үйлесе кеткен қоңыр даусына қызығып, ойда жоқта «Япурай» әніне түсіп кеткенімді байқамай қалдым. Сонда кер мінез Архам ағай: «Бұл қай ел, қай жердің әні? Мен естімеппін. Бір қол жетпейтін ән ғой өзі», - деп терең ойға кетті.

Мен бұл әнді Иса Байзақовтан да тыңдадым. Исаның тенор үнінде құштарлық сезім дуылдап тұратын еді. Содан болу керек, іштегі жалыны шыдатпай бар қызуы сыртқа теуіп, дерт сарғайтып жүрген өңінде қызыл нұр ойнайтын. «Япурайға» ешнәрсені теңгермейтін-ді. Ол өзі қазақтың біраз әніне жаңаша сөз жазғанда «Япурайды» әдейі таңдап алған-ды. Радионың қорында Құрманбек Жандарбеков жаздырған «Япурай» да бар еді. Соңғы жылдарда мүлде берілмей кетті. Құрекең де өзінше бар жанын салып, үнін толқындай дірілдетіп-ақ бағатын.

Олардың жөні бір бөлек, ал Ришат Абдуллиннің «Япурайы» - нағыз классика! Білмеймін, Ришаттан кейін «Япурай»... білмеймін. Оған Ришаттың жүрегіндей толқитын жүрек керек. «Япурайдың» өз сөзі Құрманбектің орындауында сақталған. Ал Исаның нұсқасы - ол да керемет, «Япурайдың» құдіретіне еш нұқсан келтірген жоқ. «Япурай» сол сөзімен әлі айтылып келеді».

Композитор Латиф Хамидидің төгіле сөз етіп отырған «Япурай» әніне Иса Байзақов жазған өлеңі:

Жаз болса жарқыраған көлдің беті,
Көгеріп толқындайды, япур-ай, алыс шеті.
Дірілдеп толқын басқан мөлдір суы,
Шайқайды жас баладай, япур-ай,  желдің  лебі.

Алтын бу ақ көбікпен бетін жабар,
Судан бу көкке төніп, япур-ай, маржан тағар.
Есіме ақ еркемді алған кезде,

Ақмаржан жылт-жылт етіп,  япур-ай, жерге тамар,  деп мөлтілдейді. Қандай сырлы элегия! Әннің өз төл сөзі секілді. Табиғи жарасып, үндесіп кеткен.

Иса жүрегінің лүпілі - ол! «Осы әнді тап өзі шығарған ба, япыр-ау?!»  деп еріксіз таңғаласыз. Табынасыз.

Музыка редакциясында қызмет еткен әріптес редакторлардың бәрі біледі, жетпісінші жылдардың орта кезінде радионың фонетека қорын реттеуге жан-жақты кірістік. Ұшы-қиыры жоқ алтын қордың не бар, не жоғын біліп, журналдарға тізіп, картотекалар жасап, бәрін жөн-жөніне қойғандай болдық. Оны фонотеканың аға редакторы Баймұрат Жоламанов ықтиятты түрде жүргізді. Сол қауырт істің үстінде небір булығып, тұншығып жатқан әндерге кез болдық. Дүниеден көзі өткен ірі әншілерден бастап, кейін қайтыс болған әншілердің орындауындағы шығармаларды бөлек-бөлек көшіріп, қозғалмайтын мұра есебінде арнайы сөрелерге қойдық. Әр әншінің қандай әндері бар екенін білдік. Нанасыз ба, қазақтың ән өнеріндегі ірі тұлға  Құрманбек Жандарбековтің радио қорына жаздырған әндері небәрі он жеті-ақ минут боп шықты. Сол әндердің бірі «Япурай» о бастағы екі шумақ сөзімен жарқ ете түскені. Ал кеп тыңда. Қайта-қайта тыңдадық. Құрекеңнің даусында қырыл бар. Дикциясы да анық емес.  Пленка да ескірген. Мен мұқият қадалып отырып:

Аршын төс, алма мойын, қасың қиық,
Керілген бір перизат, сөзің тұйық.
Қасыңа келсем болды, шырмаламын,

Кетеді қандай шіркін көзі қиып,  деген шумағын ғана жазып алдым. Аңсап келген асық көңілдің қауышқан сәттегі жан шыдатпас ыстық лепті құмарлық сезімі. Иса Байзақов өз нұсқасында жанарынан жас тамшылатқан лирикалық кейіпкерді көл жағасында алыстан зарықтырады. Бар айырма - осы ғана.

«Япурай»  қазақтың халық әндерінің нұрлы лиризмге тұнған тіл байлар інжу-маржаны! Оның сол іңкәрлігіне қызыққан Сергей Рахманинов өзінің ең соңғы шырайлы шығармаларының бірі  «Симфониялық билеріне» (1940) «Япурай» әнін өте әсерлі етіп қолданыпты.

«Япурайды» виолончельде балбыратқанда Бетховеннің «Айлы сонатасын» тыңдағандай бір ғажайып әлемге енемін», - дейді қазақ әнінің археологы И. Жақанов.

«Япурай» әні қазір қазақ тыңдармандарының зор сұранысына ие. Оны Бекболат Тілеухан, Өмірқұл Айниязов, Шәба Әденқұлқызы кемеріне жеткізіп орындап жүр.

Халқымыздың ән саласындағы бір інжу-маржаны ретінде есептелінетін бұл ән сияқты классикалық дүниенің барлығын мақтаныш еткеніміз жөн. Ендеше, осы әннің шығу тарихын да біліп жүргеніміз артық болмас. 

Гүлден Оспанова

 Дереккөз: inform 

С. Ерсін