«Қазақстан дауысына» қазақтың кеңдігін сездіре білетін әнші керек - Рүстем Нұржігіт

«Қазақстан дауысына» қазақтың кеңдігін сездіре білетін әнші керек - Рүстем Нұржігіт
Фото: Рүстем Нұржігіттің жеке архивінен

Рүстем Нұржігіт – қазақ эстрадасындағы танымал, көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген әнші. Оның өзіндік табиғатын бағалайтын тыңдармандары да бар. Назарларыңызға әншімен болған сұхбатты ұсынамыз.  

- «Ақ көйлегің» атты жаңа әніңізбен құттықтаймыз! Осы ән туралы айтып берсеңіз. Сөзі мен әнін кімдер жазды? Бейнебаян қалай түсірілді?

- Жалпы «Ақ көйлегің» атты әнмен жұмысты осыдан бір ай бұрын бастадық. Менің әріптесім әрі інім Абай Ақбаевтың «Аға, осындай ойларым бар еді, осы жақсы әуенге өлең жаздырсақ қайтеді?» деп оны маған ұсынып жүргеніне біраз болды. Абай «Азын-аулақ жерлерін түзетіп, ноталар қосып, қайырмасын бірге бітіріп, ертең болашақта осыған сөз жаздыртар болсаңыз, қуанамын» деген кезде, бұл іске білек сыбана кірістім. Ал сөзіне келер болсақ, оған әпкем әрі досым Бахтияр Құрманайқызы көмектесті. Алматыда жүргенінде хабарласып, артынша жолыққанымызда «Ақ көйлегім» атты тақырыпта ән жазайық» деген ұсыныс айтты. Бұл ұсынысқа да қарсы болмадым. Өйткені қазір мұндай тақырыпта жазылған әндер жоқтың қасы. Маған өте қатты ұнады. Екіншіден, өзім де әке болған соң мәтінін жүрегіме жақын қабылдадым. Құрманай жазып берген сөзге әуенді қосып айтқан кезде, көзіме жас толып, өзімнің әке екенімді қатты сезіндім. Шығармашылығымды сәтті әнмен толтырғаныма қатты қуаныштымын. Бейнебаянды да түсіріп үлгердік, дайын тұр. Оны әсем қаламыз Алматыда емес, Украина мемлекетінің Киев деген қаласында түсірдік. Осыған байланысты неше түрлі сұрақ қойылып жатыр. «Неге өз елімізде түсірмедің, жеріміз кең ғой?» деп айтқандар да болды. Мәселе ода емес. Мен ұзақ жылдардан бері шығармашылықпен айналысып келемін. Отандық мамандармен жұмыс істедім. Сол сәтте бір-екеуінің уақыты болмады, енді бірі көңілден шықпады. Үшіншіден, біздің елімізге келіп жұмыс істеп жүрген украиналық мамандар өте көп. Солардың бірі «Украина да түсірсек қайтеді» деген ұсыныс тастады. Оған да қарсылық білдірмедім. Өйткені бұл ұсынысты айтқан адам Ресей мен Украинаның беткеұстар әншілерінің жұмыстарымен айналысып жүр. Оларға толықтай сендім.

- Бейнебаяныңызға кімдер түсті?

- Бейнебаян туралы айтар болсам, бейнебаянымда қазақтың қара домалақ ұл-қыздары түскенін қаладым. Уақыт тығыз болғандықтан, қатты қобалжыдық. Достарымыз бен туыстарымызға хабарласып, инстаграм арқылы іздей бастадық. Соңында Кеш ю тобындағы Элизат қарындасымызды таңдадық. Одан кейін оның жұбын іздедік. Инстаграмның вайнері болып жүрген 4-5 жігіт бар. Олар интернационалдық вайнерлер болғандықтан, арасында жалғыз қазағымыз бар екен. Ол - Марлен. Оны қатты ұнаттық. Әсіресе актерлік шеберлігі мен қабілетін, өнерге деген құштарлығын ерекше бағалауға болады. Әңгімемізден оның актер болуды армандағанын ұқтым. Бейнебаяндағы рөлін алып шыға алатынына бір сәтке де күмәнім болмады. Барлығы ойдағыдай болды.

- Қанша қаражат жұмсадыңыз?

- Көп қаражат кетті деп айта алмаймын. Әрине, сапалы бейнебаян түсіру үшін ақшасы да қомақты болуы қажет. Украиналық әріптестеріміз дәл қазір қиын кезеңді бастарынан өткеріп жатқандықтан, ол жақта бейнебаян түсіру бізге қараған да сәл де болса арзан екенін байқадым.

- «Қазақстан дауысы» жобасында жеңіске жетемін деп ойлайсыз ба?

- «Қазақстан дауысы» жобасына келмес бұрын тек қатысушылар арасындағы сайыс деп ойладым. Тәлімгерлер арасында да кішігірім сайыс бар екен. Әр тәлімгердің жүрегінің түбінде «Менің үміткерім жеңеді» деген ой жатады. Мен де осы бәйгеге қосыла кеттім. Ол арман, ол үміт менде де бар. Менің тобымдағы жігіттер мен қыздар жеңіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Қуанамын. Бірақ қасымдағы әріптестерім үшін де тілектеспін.

- Қай бағытта ән салатын үміткерлерді таңдайсыз?

Менің тобымдағы қыз-жігіттер әртүрлі бағытта ән салады. Шетелдік, қазақы, заманауи әндер айтады. Жобадағы ойым сәл өзгеше. Келмес бұрын «Америка дауысы», «Ресей дауысы», «Украина дауысы» сынды жобаларды қарап шықтым. Бұл жобада халыққа ұнайтын дауыс керек екенін түсіндім. Әнін естіген кезде қазақтың кеңдігін сездіре білетін әнші керек.

- Алдағы уақытта жеке шығармашылық кешін өткізу ойда бар ма?

- Ойда бар. Ол арман болып кетті. Шығармашылыққа нақты бет бұрған кезде, арман болмай-ақ қойсын. Осы ниетім орындалады деген ойдамын.

- Болашақта жүзеге асар, қазір асып жатқан жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?

Осыдан 4-5 жыл бұрын жеке кәсіпкерлікке бет бұрдым. Бұқар жырау-Байтұрсынов және Әуезов-Жандосов көшелерінің қиылысында орналасқан «Coffeetime» атты кофеханаларым бар. Бұрын-соңды жеке кәсіппен айналысып көрмегенмін. Енді жәймен тәжірибе жинап жатырмын. Өз ісіммен айналысуды да ұмытпаймын. Әр ата-ана өзінің балалары үшін еңбектенеді, олардың болашақтарының жарқын болғанын қалайды. Сапасына өте қатты мін береміз. Қонақтарымыз жәй ғана келіп, кофе ішіп кетсін деп емес, ләззат алып, демалса екен дейміз. Ал болашақта толықтай шығармашылыққа берілгім келеді.  

- Рүстем, жылы лебізге толы сұхбатыңыз үшін көп рахмет! Болашақта шығармашылық табыстар тілейміз!

- Сіздерге де рахмет! 

Қ. Бүйенбай