Eліміздегі ең үздік өнерпаз балалардың гала-концерті өтті

Eліміздегі ең үздік өнерпаз балалардың гала-концерті өтті
Фото: massaget.kz

Кеше «Балалар әлем ырғағында» фестивалінің жеңімпаздары Алматы қаласындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында өнер көрсетті. ЮНЕСКО-ның 70 жылдығына арналған шығармашыл жастардың алғашқы фестивалі қала тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлады.

Аталған байқауда топ жарып, оқ бойы озық атанған жеңімпаздар түрлі жанрда өнер көрсетті. Республикалық байқауға 12-17 жас аралығындағы 1500 қатысушы ниет білдірсе, оның ішінде 25-і дараланған. Олардың ішінде үлкен сахнаға алғаш қадам басқан жас өнерпаздар да бар. Cонымен қатар, 9 жеңімпаз Астана қаласында өтетін Халықаралық дәстүрлі әндер Кеңесінің 43-ші әлемдік Конференциясында өнер көрсететін болады. Шараға Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, Алматыдағы ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры тарапынан қолдау көрсеткен.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиев бастаған "Алматы симфониялық оркестрі" кештің шымылдығын "Palladiо" композициясымен ашып берді. Ал кештің алғысөзін Алматыдағы ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросының директоры Лазарев Сергей Аркадьевич бастап, шараға қолдау көрсеткен тұлғаларға сертификат табыстады.

Талантты өрендер өнерлерін көрермендерге көктен жауған нұрмен бірге жаудырды. Өнерпаздардың думанды гала-концертін мына суреттерден тамашалай аласыздар.

Гала-концерт Орталық мәдениет және демалыс саябағының "Шабыт" жазғы театрында ашық аспан астында өтті.

Фестивальдің 14-15 жас аралығында вокал номинациясының жеңімпазы, Батыс Қазақстан облысынан келген Баян Жұбанова дәстүрлі әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің "Әнші дауысы" атты әнін нақышына келтіре орындады.

Келесі болып Мөлдір Калимуллина Қаршыға Ахмедияровтың "Атырау" атты күйімен қалың көрерменді тамсандырды. Ол — қалалық, аймақтық және халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп жүрген атыраулық күйші қыз. 

Қарағанды облысынан келген Искакова Гүлиза Тәттімбет Қазанғапұлының "Секіртпе" күйін қобызымен көрермендердің жүрегіне жеткізіп, фестиваль дипломына ие болды.

Жетпіс Нұрмағамбетов — Ақмола облысының тумасы. Ол бұл фестивальде Қаршыға Ахмедияровтың "Заман толғауы" атты күйін сезіммен жеткізе білді.

Астаналық Рахмет Алихан бұл байқауда Қуат Шілдебаевтың "Қаракемер" атты күйін орындап, жеңімпаз атанды.

Ал ақтөбелік Асылжарова Камила "Аққу" биін мың бұрала билеп сахнаның көркін келтірді.

Ақтөбелік Жалғасов Ернақ пен оралдық Шаймардан Әсет "Шаттанамын" күйін бірге үндесе отырып, нақышына келтіріп орындады.

Қарағанды облысынан келген Нұрболат Сахы — талантты күйші. Ол Нұрғиса Тілендиевтің "Баламишкасын" ойнап, көрермендерге көңілді күй сыйлады.

Кейін сахнаға Қазақстанның талантты музыканты Ғазиза Ғабдырахимова мен фестиваль жеңімпаздары Искакова Гүлиза мен Алтайқызы Ақерке Шәмші Қалдаяқовтың "Мұңайма" әнін қобыздарымен орындады.

Павлодар облысынан келген Жаңбырбай Әділхан "Сәлем саған, туған ел!" атты әнімен сахнаны думанға толтырды.

Жамбыл облысынан келген Амантаева Аяулым бес жасынан бастап биге қатысып келген. Кешегі кеште Аяулым "Якут" биін билеп, өзінің талантын дәделдеді.

Ақтөбелік Сенишин Степан "Новая карусель" композициясын орындап, фестивальдің жеңімпазы атанды.

Ал алматылық Бейсенбаев Ұлан украин халқының ұлттық биі "Гопак" биін нақышына келтіре биледі.

Петропавл қаласынан келген Ақерке Алтайқызы қобызымен "Тарантелла" композициясын орындады.

Ал эстрадалық жанрда алғаш болып өнер көрсеткен Садуақасова Фатима "Ізін көрем" әнімен көрермендердің рухын бір көтеріп тастады.

Павлодарлық  Дария Мазгумова "Құсни Қорлан" әнімен көрермендерді ерекше даусымен таңқалдырды.

Атыраулық Аманқұлов Нұрдаулет 3-сыныптан бастап вокал үйірмесіне қатысады екен. Фестивальде сол еңбегінің жемісін көрді.

Сондай-ақ, Нұрсафина Нұрай (Атырау қаласы) мен Протасова Анастасия (Алматы) мың бұрала билеп көрермендерді таңдай қақтырса, Федченко Ангелина (Қарағанды қаласы), Камитбеков Нұрислам (Жезқазған), Абдалова Евгения (Солтүстік Қазақстан облысы), Мамай Ақмарал (Оңтүстік қазақстан облысы) өнер сүйер қауымды әнмен тербеді. 

Фестиваль соңында, жас таланттар Қазақстан өнер жұлдыздарымен бір сахнада өнерлерін көрсетті. «Art-Vocal» квинтеті мен жеңімпаздар шетелдің танымал әншісі Майкл Джексонның әндерінен попурриді қосыла шырқады.

Қазақстанның танымал әншісі Марсель де жас өнерпаздармен бірге көрерменге әннен тарту сыйласа, фестивальдің кішкентай жұлдыздары "JCS" тобының жұлдыздарымен бірге ән салды.

Кеш соңында барлық жеңімпаз Қазақстанның Халық әртісі Роза Қуанышқызы Рымбаевамен бірге "Ертеңге сенемін!" әнін қосыла шырқады.

Фестивальге қатысқан жас таланттар қимастықпен қоштасып жатты.

Е. Жұмабайұлы