"Айналайын қыздар-ай" - авторы бар көше әні

"Айналайын қыздар-ай"  - авторы бар көше әні

Көпшілікке «Жалғыз аққу» әнімен таныс жас әнші Ерлан Орынбасаровтың репертуарындағы «Айналайын қыздар-ай» әнін енбектеген жастан еңкейген қартқа дейін тұщына тыңдайды. Себебі, көңілді ән өткен ғасырдың 70-80 жылдары кеңінен танылған. Ал қазіргі таңда оны әнші Ерлан Орынбасаров қайта шырқап, жас буынға таныстыруда.

Отыз жылдан астам уақыт бұрын жазылған ән көпшілікке көше әні болып танылған-ды. Сауық кештерде жастар жиылып, бұл әнді гитара сүйемелдеуімен шырқаған екен. Ауыздан ауызға таралған әннің авторы белгісіз болғандықтан, ол көше әні болып қала берді. Бертін келе, әнді сахнаға Ерлан Орынбасаров алып шығып, ән авторының оның әкесі Тілеуқабыл Орынбасарұлы екенін айтты. Осылай көпшілікке көше әнінің авторы бар екені мәлім болды.

Тілеуқабыл Орынбасарұлы да сахнадан көрініп жүреді. Әдебиетке жақын болып, анда-санда қалам тербетеді. Домбыра тартып, гитарамен ән салады. Өнерге жақын жүріп, ол бір күні «Айналайын осы ауылдың қыздарын-ай» әнін гитарамен ыңылдата айтып шығарады. Сөзін де өзі жазады. Өкінішке орай, ән айтамын деп жүріп, ол оқудан шығып қалып, өнерді бір жола тастап кетеді. Күнкөріс қамымен ол өз кәсібін басқа салаға бұрады. Кейін баласы Ерлан өнер қуып, сахнада әкесінің әнін орындай бастайды. Алайда, Тілеуқабыл Орынбасарұлы өткеніне өкінішпен қарап, баласының өнерді таңдауына қарсы болады. Қарсылыққа қарамастан, әнші Ерлан таңдауынан бас тартпайды. Баласы эстрадаға алғаш қадам жасаған кезде ол тағы 1-2 ән жазып береді.

Өкінішке орай, танымал хит авторы бұл күнде арамызда жоқ. Бірақ та, оның «Айналайын қыздар-ай» әні тыңдарман жадында сақталып, әнші Ерлан Орынбасаров репертуарындағы ерекше әннің бірі болып қала береді.

Айналайын қыздар-ай

Әні мен сөзін жазған: Тілеуқабыл Орынбасарұлы

Орындаушысы: Ерлан Орынбасаров

Ғашық болдым осы ауылдың бір қызына,
Қарақаттай қара көзді қырмызына.
Неге мұнша жас жүрегім ынтығады,
Әлде менің болашағым жұлдызым, ба?

Қайырмасы:
Айналайын осы ауылдың қыздарын-ай!
Күлкілері сыңғырлайды сылдыр судай.
Жүрегімді жандырып бара жатыр,
Ішіндегі қара торы сұлуын-ай!

Жеңгелердің құлағына алтын сырға,
Егер мені сол қызбенен таныстарса.
Тағы, тағы, тағылары болып жатар,
Егер біздің алдымызда бақыт тұрса.

Қайырмасы:
Айналайын осы ауылдың қыздарын-ай!
Күлкілері сыңғырлайды сылдыр судай.
Жүрегімді жандырып бара жатыр,
Ішіндегі қара торы сұлуын-ай!

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Сурет: update.kz


Ғ. Ұзақ