«Ал құрбым» - шынайы достықтан туған ән

«Ал құрбым» - шынайы достықтан туған ән

Өнерде де, өмірде де бірге жүретін қос құрбы Мәдина Сәдуақасова мен Қарақат Әбілдина бірлесе орындайтын «Ал құрбым» әні қалың жамағаттың зор ықыласына бөленіп, сүйікті әндердің біріне айналды.

«Ал құрбым» - шынайы достықтан туған ән. Ән авторы - белгілі әнші-сазгер, өнертанушы Бағлан Бәбіжан. Ал сөзін ақын Несіпбек Айтұлы жазған. Бұл әннің дүниеге келіп, таралғанына 10 жылдың жүзі болыпты.

«Ал құрбым» әні шығу тарихына келер болсақ, бұл ән қазақтың күміс көмей әншісі, елді «Жібек сезім» әнімен баураған, дәстүрлі әнші Клара Төленбаева арналған-ды. Бағлан Бәбіжан мен Клара Төленбаева Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваторияда білім алып, жатақхананың бір бөлмесінде бірге 2 жыл тұрады. Оқу аяқталған соң, Клара жұмыс бабымен Астанаға жол тартады. Ал Бағлан Алматыда қалады. Қасына басқа қыздар келеді. Алайда, ешқайсысы сазгердің аяулы құрбысы Клараның орнын баса алмайды. Сазгер өзін жалғыз сезініп, құрбысымен бірге өткен қызық пен қиындықтарға толы күндерді еске алып, сағыныштан әннің алғашқы жолдарын дүниеге әкеледі. Кейін әрі қарай жетілдіріп, ән әуені мен сөзін жазады.

Ән авторы - Бағлан Бәбіжан

Астана қаласына барған кезде құрбысына жолығып, әнді тыңдатады. Клара әнді бірден ұнатады. Дәл сол сәтте қос құрбыны бір жиынға қонаққа шақырады. Көпшіліктің ортасында Клара әнді бірнеше мәрте орындап береді. Кейін Бағлан әнді құрбысына тастап, мәтінін қайта қарап шығу керектігін айтып, табыстап кетеді. Клара өзіне таныс ақын Несіпбек Айтұлына жолығып, ән мәтінін қайта жаздыртады. Араға бір жыл салып Клара Төленбаева «Аламан» тобының әншісі, сазгер Медет Салықовқа тұрмысқа шығады. Клараның ұзату тойында Бағлан Бәбіжан әнді жаңадан өңдеп, тойға тарту ретінде орындап береді.

Әнге арқау болған әнші әрі алғашқы орындаушысы - Клара Төленбаева

2006 жылы Клара Төленбаева Астана қаласында жеке шығармашылық кешін беріп, «Ал құрбым» әнін ішекті аспаптар квартетінің сүйемелдеуімен орындайды. Кейін бұл әнді өзінің ән қоржынына Ұлту Қабаева, Сержан Мұсайын сынды әншілер қосады. 2009 жылы Майра Ілиясова «Достық» тақырыбында концерт ұйымдастырып, барлық әншілерге аталмыш тақырыпта ән салу керектігін айтады. Дәл сол сәтте әнші Қарақаттың ойына «Ал құрбым» әні оралып, Мәдина екеуі ән авторынан әнді орындауға рұқсат алады. Ән авторы өз рұқсатын берген соң, ән қайта өңдеуден өтеді. Ал ақын қайырмасына тағы екі жол тармақтарын қосып береді. Осылай жаңа әрленген «Ал құрбым» әні қос құрбы орындауында көпшілік назарына ұсынылады.

 Ал құрбым

Сөзін жазған: Несіпбек Айтұлы

Әнін жазған: Бағлан Бәбіжан

Орындаушылар: Мәдина Сәдуақасова мен Қарақат Әбілдина

Биік таудың басында бал қарағай-ай,
Ауылым көшіп барады көл жағалай
Ал құрбым,
Жолы қиын жұмбақ тағдырдың.
Көшіп ауылың кеткенде таудан асып-ай,
Болар екен тағдырың әлдеқалай?..
Ал құрбым,
Қимасыңды қайда қалдырдың?

Ахау, қимасыңды, қимасыңды-ай ал құрбым,
Қимасыңды қайда қалдырдың?

Көшкен бұлттай ауылың бел асқанда-ай,
Жарқырасын жұлдызың көк аспанда
Ал құрбым,
Жолы қиын жұмбақ тағдырдың.
Биік таудың тұманы қалың келер-ай,
Тап болғайсың сен іздеп адасқанда-ай

Ал құрбым,
Қимасыңды қайда қалдырдың?

Ахау, қимасыңды, қимасыңды-ай ал құрбым,
Қимасыңды қайда қалдырдың?

Ахау, жолы қиын, жолы қиын, ал құрбым,
Жолы қиын жұмбақ тағдырдың.
Жанымда бол, жанымда бол, бұл жалғанда,
Ал құрбым,
Тар жолында жұмбақ тағдырдың,
Қанатында қалқып ән-жырдың.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: yvi.kz, dastan-studio.kz

 

Ғ. Ұзақ