Сахна сыртындағы үлкен шоу

Сахна сыртындағы үлкен шоу

Бүгінгі қонағымыз - «Хочу к Меладзе»  шоуының қатысушысы Әлібек Әлмәдиев. Дарынды әнші бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Музыка өнері» факультетінің студенті, Қазақстанның халық әртісі Лаки Кесоглудың шәкірті. Домбыра, саксафон, гитара және фортепиано сынды аспаптарда ойнайды. 17 жасында «Жұлдыздар фабрикасы» мен «Дауыс» телешоуының жеңімпазы атанған. 

- Әлібек басқа БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, шоуға қалай түскенің туралы айтқаныңды білеміз. Сондықтан біз бүгін шоудың өзі жайлы және сенің одан алған әсерің туралы әңгімелесек. Сен үшін шоудағы ең жағымсыз сәт?

- Іріктеу кезеңінде маған тек 3 адам дауыс берді. Қалған қазылар мені қатты сынады. Осы кезде мен келесі кезеңге өтпейтін шығармын деп қатты уайымдадым. Бірақ Константин Меладзе мені жақтап, ары қарай өткізді. Сол үшін мен оған ризамын. Кейін мен ата-анама хабарласып, болған оқиғаны айтып бердім. Олар маған демеу беріп, көңілімді көтеруге тырысты.

- Ал ең ерекше сәт ше?

- Екінші кезеңнің алдында біздің топты Мотылек әнінің видеартын түсіруге алып барды. Видеоны ресейдің мықты клипмейкері, әрі шоудың режиссері Алан Бадоевтың өзі түсірді. Бұған қатты қуанғаным есімде. Тек сол кезде ғана емес, одан бұрын да бізге көп көңіл бөлетін. Сондықтан, іштей Меладзенің тобына бізді таңдаған шығар деп ойладым.

- Телевизиялық шоу–бизнесте сериалити деген жаңа формат пайда болды. Басқа форматтардан бұл форматтың айырмашылығы неде?

- Сериалити – шоудың бас режисері Алан Бадоевтың идеясы. Менің ойымша, бұл шынайы шоуға жасалған сериал. Былайша айтқанда, барлығы шынайы өтеді, бірақ қызықты болу үшін арасына ойдан оқиғалар қосылады.

- Сонда көрермендер режиссердің әдеби ойымен болған реалити шоу көрді ме? Басқаша айтқанда, бізге көруге қызықты болу үшін өздері ойдан шығарған эпизодтарды көрсетті ме? Мысалы, қандай?

- Көрермендер бірінші ән Артем Пиндюраның ыңғайына таңдалды деп Андрейдің ренжігенін көрген шығар. Шын мәнінде олар жай сериалитидің эпизодын ойнады. Біздің төрттікте ешқандай келіспеушілік болған жоқ. Біз шоудағы ең тату топ едік. Тіпті, қарсыластар бізден сол үшін қаймығатын.

- Өзіңнің тобың туралы бірер сөз айтып өтсеңіз. Олар қандай? Андрей Витвитский, Влад Рамм тәртіпсіз, ал Артём Пиндюра ашушаң деген қаншылықты рас?  Ал Пиндюраның айтуынша, сіз осылардың арасында, топты алға сүйреп жүретін жан болғансыз?

- Ұмытпаңыз, бұл шоу сол бизнестің  барлық  қағидасына сай түсірілген. Ол шынайы және шындыққа жанаспайтын оқиғалардан құралады. Шын мәнінде Андрей өте жақсы, сезімтал жігіт. Қиын сәттерде өзінің әдемі әзіл-қалжыңдарымен көңіл күйімізді көтеретін. Влад Рамм шыншыл және ашық. Онымен тіл табысып кету оңай. Біздің төрттікте жанымды ең жақсы түсінетін Артём болды. Ол эфирде өзі жайлы «жігіт айтты ма, орындау керек» деген болатын. Ол шынында өмірде сондай жігіт.

- Шоудағы қай әніңізді сәтті шықты деп ойлайсың?

- «Мотылёк» әні. Басқа әндерге қарағанда бұл әніміз көрермендерге ерекше ұнады. Халықтың бұл әнге деген қошеметін қатты сезіндік. Әнді орындап болғаннан кейін құшақтасып тұрып, қазылар мен Константин Меладзенің шешімін тыңдағанымыз есімде. Сол сәтте біз өзімізді мықты топ сезіндік.

- Шоу эфирінде сенің Артёммен вокалмен айналысып жатқанынан үзінді көрсетті. Ал басқа қатысушыларға көмектесуге тура келді ме? Себебі Влад Рамм шоудағы осал вокалист болды және Андрей сахнада шынымен ойнады ма?

- Бәріне де көмектесуге тура келді. Біздің топта музыкалық мамандық тек менде болған еді. Вокал оқытушысы бізге ақылын айтып, көмектесетін. Кейде мен фортепианоға отырып, әрқайсысымен жеке дайындалатын едім.

Андрейге қатысты... ол маған фортепианода бізің әнді ойнауды үйретші деп келді. Мен, әрине, көмектестім. Ол жай «Мотылёк» әніне сценарист жазған сюжеттің рөлін ойнады. Алан Бадоевтың ойы бойынша, Андрейді қызы тастап кетеді, ал біз оның достарымыз. Біз оны жұбатуға тырыстық. Ән ерлердің арасындағы достықты дәлелдейтін кішігірім қойылым болып шықты.

- Ұстазсыз дайындалған ән үздік атанды ма? Себебі ұстаз ретінде Тимати сіздерге ештеңе берген жоқ қой. Константин Меладзе финалда тек сіздердің топтарыңызда өсу жоқ деген болатын?

- Біз Тимати бізді жеңіске жеткізеді деп күттік. Өйткені тек біздің топта рэпер жігіт болды. Біздің барлық мүмкіндігімізді пайдалануға болатын еді: даусымызды, актерлік қабілетімізді, сахнада өз-өзімізді ұстауымызды, биімізді. Алайда басқа тәлімгерлермен салыстырғанда ол біздің дайындығымызбен мүлдем айналысқан жоқ. Тек сахнаға шығар алдында  ғана қолдауын білдіретін. Ұстаз таңдаудан біз қателестік десем болады.

- Шоуда ең қатты таң қалдырған не?

- Жобаның зорлығы. Әрине бұл үлкен қаржының нәтижесі. Қазақстандық шоулар мен ресейлік шоулардың бюджетін мүлде салыстыруға келмейді. Мұндай қаржымен біздің продюссерлер осал шоу шығармас еді.

- Кейбір шоуға қатысушыларды сахнадан тыс көп көрсетті. Соның ішінде сені де. Кадрдан тыс сенің қатысуыңмен тағы не қалды?

- Шын мәнінде көп нәрсе эфирге кірмей қалды. Ең өкініштісі, Роза Қуанышқызымен орындаған әнімнің сюжеті көрсетілген жоқ.  Мысалы, үштікте барлық жауапкершілік менде болды.  Менің жігіттерге көмектесіп жатқанымды, біздің дайындығымызды көп түсірсе де, оны эфирге шығарған жоқ.

Ал қазылар мені әріптестерімнің көлеңкесінде қалып қойды деді. Шын мәнінде бәрі керісінше болды. Мен әрқашан белсенді болдым. Себебі, жанкүйерлерімді жерге қаратқым келмеді. Бір сөзбен айтқанда, менің қатысуыммен өткен барлық түсірілім көрсетілген болса, көрермендер менің шынайы бейнемді көрер еді.

- Сен Фаризбен, Анатолий Цоймен – қазақстандықсыңдар. Шоуда бір-біріңізге қолдау көрсеттіңдер ме?

- Толямен біз бір бөлмеде тұрдық. Бір-бірімізге өте жылы қарадық, жеке басымыздың құпияларымен бөлістік. Біз қазақстандықтар болғандықтан, өзгелерден ерекшеленіп тұрдық. Бәріне сыйластықпен қарадық. Толик 25-те, менен 5 жас үлкен және тәжірбиелі. Ол маған інісіндей қарады, ал Толя екеуміз Фаризге кіші бауырымыздай қамқор болдық. Қазір Фаризбен қарым-қатынасымыз жақсы. Ал Толик үлкен шоу-бизнеске кетті. М-бэндте демалыс пен мейрам болмайды деп Константин Меладзе бекер айтқан жоқ. Ол топқа өте көп жұмыс істеу керек. Толяның сөйлесуге қолы тимей жүрген шығар.

- Шоудан қандай тәжірибе алдың?

- Ештеңені жүрекке жақын қабылдамау керек екенін түсіндім. Шоудың аты шоу. Қойылған талаптарды салқынқандылықпен орындаған дұрыс.  

Жалпы, шоуда мен қазақстандықтардың алдындағы жауапкершілігім туралы ұмытқан жоқпын. Өйткені біз елдің бейнесін қалыптастыратын адамдармыз.  Еліміздің атын шығаруға әртістер мен спортшылардың үлесі мол деп ойлаймын.

Монтаж: Ернар Алмабек

Сурет: Massaget.kz

Ж. Исакаев