Тимур Примкулов: "Мәселе тілде емес, әншінің ән табиғатын жеткізе білуінде"

Тимур Примкулов: "Мәселе тілде емес, әншінің ән табиғатын жеткізе білуінде"

Әсем қала Алматымызға қонаққа келген атақты клипмейкер және режиссер өзбекстандық Тимур Примкулов 1984 жылы 12 шілдеде дүниеге келген. Тимур кино саласындағы мансап жолын 25 жасында бастаған. Оның ең алғашқы фильмдері - «Менің жанымды ұрлаушылар» (2009ж.), «Азғырушылар» (2011ж.). Ол қазақстандық Жұлдыз FM радиосындағы хит парадқа қатысқан Муниса және Сухроб Кенжебаев, қазақстандық Әнел Аринова сынды әншілердің бейнебаянын түсірген.

- Тимур Примкулов, редакциямызға қош келдіңіз! Бұл Алматыға алғаш келуіңіз бе?

- Армаңыздар! Жоқ, әсем қалаға бұған дейін бірнеше мәрте келгенмін. Осында достарым да бар.

- Қазақ әншілерімен жұмыс істеп көрдіңіз бе?

- Қазақстандық әншілер үшін көптеген бейнебаяндар түсірдім. Соңғысы - теледидарларыңыздан көріп жүрген Mr.Slan мен Әнел Аринованың «Жібердім» әніне түсірілген бейнебаян.

- Күні кеше өткен "The Spirit of Tengri" фестивалінен алған әсеріңіз қандай?

- Фестиваль туралы алдын ала интернеттен мәліметтер қарадым. Бірақ барлығын өз көзіммен көрген кездегі әсерді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл жерге бекер келмегенімді түсіндім. Көкейімде жаңа идеялар пайда болды. Соңғы рет әнші Муниса этникалық жанрдағы бейнебаянға тапсырыс берген еді. Осы фестивальдың арқасында тапсырысты орындауға дайынмын.

- Аталған фестиваль келесі жылы да жалғасады. Оған Өзбекстан әншілерінің де қатысқанын қалайсыз ба?

- Әрине, кеше, ең бірінші, осы туралы ойладым. Қазақ халқы өзбек әншілерінің де дәл осындай үздік фестивальдарға қатысуға лайық екендіктерін түсінсе екен деймін. Біз де достарымызбен шығармашылықпен бөлісіп, мәдени алмасу болғанын қалаймыз.

- Расымен де, фестивальдың басты мақсаты – мәдени алмасу. Мұны музыкадан артық еш нәрсе жеткізе алмайтын сияқты...

- Адамдар музыкаға тәуелді. Онда құдіретті күштің бар екенін өздері де білмеуі мүмкін.

- Жаңа Муниса туралы айттып өттіңіз. Оның әндері Жұлдыз FM радиосында шырқалуда. Бұған көзқарасыңыз қандай?

- Қазақ радиосында өзге тілдегі әуендер орындалады. Мұны өзгешелік деп түсінемін. Себебі ұлт пен ұлтты жақындастыруға септігі тиюде. Ал Мунисаға келер болсақ, қатты таңқалмадым. Себебі оның биік шыңдарды бағындыруға жаралған адам екенін білемін.

- Келер жылы Муниса қажет болса қазақ тілін үйреніп, «The Spirit of Tengri» фестиваліне қатысқысы келетіндігін айтты. Егер ол сізден қазақша өлеңге бейнебаян түсіріп беруін өтінсе, қандай идея ұсынар едіңіз?

- Дәл қазір нақты бір идеяны айта алмаймын. Бірақ, неге түсірмеске? Қазақ тілі - өте көркем тіл. Мәселе тілде емес, әншінің ән табиғатын жеткізе білуінде.

- Болашақта осы жаққа келіп жұмыс істегіңіз келе ме?

- Ұсыныстар бар, қазір барлығын ақылдасып жатырмыз. Қазақстандық әншілер бейнебаян түсіруге тапсырыс беруде. Көз тигенін қаламағандықтан, жоспарларымның барлығын ашып айтпай-ақ қояйын.

- Дәл қазір Өзбекстанда қандай музыкалық тенденциялар сәнде?

- Заманауи әндерге халыққа тән дәстүрлі нақышты енгізу сәнге айналуда. Өзбекстандық әншілер Батыстың дайын бейнебаяндарын сол күйінде көшіргісі келмейді. Ол жерде өзіндік мән, мағына болғанын қалайды.

- Тимур, редакциямызға келіп, пікіріңізбен бөліскеніңіз үшін көп рақмет. Сізге шығармашылық табыстар тілейміз!

- Сіздерге де рақмет. "The Spirit of Tengri" фестивалі жыл сайын өз жалғасын таба берсін. Ал Сіздердің оқырмандарыңыз көп болсын!

Сурет: massaget.kz

Қ. Бүйенбай