Тұңғыш рет "Жұлдыздар айтысады" атты шоу-айтыс өтеді

Тұңғыш рет "Жұлдыздар айтысады" атты шоу-айтыс өтеді

14 желтоқсан күні Астана қаласындағы Конгресс-Холлда, Тәуелсіздік күніне орай «Жұлдыздар айтысады» атты шоу-айтыс өтеді, - деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі, Әсел Ергешқызының фейсбуктағы жазбасына сілтеме жасай отырып.

Елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған шараға Бекарыс Шойбеков, Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Серікзат Дүйсенғазин, Иранғайып Күзенбаев, Сара Тоқтамысова, Дидар Қамиев сияқты белгілі айтыскерлермен бірге, Роза Әліқожа, Қарақат Әбілдина, Қанат Әлжаппаров, Ұлықпан Жолдасов, Индира Расылхан, Жазира Байырбекова, Жанар Айжанова сынды танымал жұлдыздар қатысады.

Кешті Бақытжан Қасымов пен Әсел Ергешқызы жүргізеді. Басталуы - сағат 19:00.

Сондай-ақ, Астана қаласында Тәуелсіздік күніне орай бірқатар мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда 5-18 желтоқсанда «АЛЖИР» мұражайында «Тәуелсіздік едіміздің тірегі» бейнепанорамалық көрме ұйымдастырылса, 13 желтоқсанда «Қазақстан» Орталық концерт залында «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің концерті өтеді. 15 желтоқсанда қазақ халық аспаптары оркестрінің «Қазақтың мың күйі» атты концерті өтеді. 

«Қазақстан» Орталық концерт залында Алтынай Жорабаеваның «Қазақстан алға!» атты концерті өтсе, театр көрермендері 14 және 17 желтоқсан күндері Жаңа Оқушылар сарайында Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын және Н. Гогольдің «Ревизор» трагифарс жанрындағы қойылымын тамашалай алады. Сонымен қатар, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында «Абылай ханның арманы» атты спектакль сахналанады.

16 желтоқсан күні қалалық алаңда Астана қаласының жастарына және елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған би кеші ұйымдастырылады. Шара барысында қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.

Сурет: өңделген

Н. Айдархан