Гауһар Қаспақованың бағын ашқан ән - қырғыз әні "Жамғыр"

Гауһар Қаспақованың бағын ашқан ән - қырғыз әні "Жамғыр"

Қазақ сахнасында өзіндік қолтаңбасы бар дарынды әнші Гауһар Қаспақова көпшілік көңілінен шығып, өнер әлемінде өз қазығын қаққан әншілердің бірі. Оның ән қоржынындағы қай-қай әннің болмасын үлкен талғаммен таңдалғанын аңғаруға болады. Әншінің кез келген әнінің бағы жанып, өз тыңдарманын таба алды. Оның репертуарындағы қырғыз тіліндегі «Жамғыр» әні бағы жанған әндердің бірегейі екендігіне ешкімнің таласы болмас. Бұл әннің сөзі мен әуенін жазған - белгілі қырғыз өнерпазы Түгелбай Қазақов. Әннің дүниеге келгеніне шамамен 35 жылдың жүзі болыпты.

Ән авторы - Түгелбай Қазақов

Әншінің кең тынысты табиғи қоңыр даусымен орындаған «Жамғыр» әнін естіген бойда бір қолшатыр астында жаңбыр тамшыларынан тығылып, қол ұстасып келе жатқан қос ғашықтар көз алдыңызға елестейді. Гауһар Қаспақова қырғыз халқының әсерлі әнін талай жүректерге жылы тигізе білді. Бауырлас елдің «Жамғыр» әнін әнші жоғары шеберлігінің арқасында оны қазақ халқының төл әніндей қылып жеткізді.

Әнші бала күнінен «Жамғыр» әнін тыңдап, құлағына сіңіріп өсті. Бұл әнді 1993-1994 жылдарды дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова орындаған болатын. Өнердегі әпкесінің домбыраның қос ішегін тарта жөнеліп, «Жамғырдың» орындағанын құмарта тыңдаған. Содан кейін әнші әуезді әнді өз репертуарына қосады. 1997 жылы әнші республикалық «Жас қанат» байқауына қатысып, Әсеттің «Қысметі» мен көршілес елдің «Жамғыр» әнін орындайды. Өнер байқауында жас әнші топ жарып, «Алтын қанат» жүлдесін иеленеді. Байқаудан кейін әншінің орындауындағы «Жамғыр» әні радио мен телевизилық бағдарламалардан жиі-жиі беріле бастайды.

«Жамғыр» әні кәсіби шеберлігі мен табиғи даусының арқасында өнер өлкесінен орын тапқан Гауһар Қаспақованың бағын ашты. Әнші бір сөзінде: «Жамғыр» менің өнер әлеміне қанат қағуыма сүбелі үлес қосқан әндердің бірі» деген еді. Расында да, қалың көпшілік әнші қызының есімі аталғанда, бірден оның орындауындағы «Жамғырды» ойына түсіреді. «Жамғыр» әні талай жасты бір-біріне ынтызар еткен, талай жанды жастық шағымен қауыштары білген ән.

Қазіргі таңда, «Жамғыр» әні қырғыз жастарының арасында кеңінен танымал. Қырғыз эстрадасының жас әншілері бұл әнді өз репертуарларына қосқан. «Еуразия жұлдызы» халықаралық байқауында қырғызстандық әнші Гүлжігіт Халықов орындап, байқау жеңімпазы атанған. Соңғы жылдары «Жамғыр» әнін жас әнші Қайрат Нұртас өз репертуарына қосып, орындап жүр.

Жамғыр

Әні мен сөзін жазған: Түгелбай Қазақов

Орындаушысы: Гауһар Қаспақова

Жамғыр төктүү эч басылбай,

Биз келаттық кул-чол болуб.

Жол курага куз ачырбайд,

Бет алдыдан шамал согыб.

 

Жамғыр төктүү ешке түсту,

Алыс қалған жаштығым да.

Сағынтасың жүректі езип,

Қолдан учкан ақуымдай.

 Қайырмасы:

Күн күркіреп, жамғыр төктүү,

Ошо гүндер қайда гетті.

Жаштығымдай жеке чиги,

Қайрылбастан қайда гетті?

 

Жылдар ұчар қанаттыдай,

Жамғыр төгед эч басылбай.

Жамғырлар да ескерер дес,

Тұңғыш сүиу, ұноту бар.

Суреттер: azattyq.org

Ғ. Ұзақ