«Новая Волна 2012» байқауында Қазақстан атынан "Мате-Залка бойз" тобы өнер көрсететін болады

«Новая Волна 2012» байқауында Қазақстан атынан "Мате-Залка бойз" тобы өнер көрсететін болады

Елімізде дүркіреп өткен «Жұлдыздар фабрикасы» ән-байқауының аясында құрылған "Мате-Залка бойз" тобы Юрмалада өтетін «Новая Волна 2012» байқауында Қазақстанның абыройын қорғайтын болады. Бұл туралы байқаудың Қазақстандағы өкілі Жан Мұқанов хабарлады.

Топ байқаудың бірінші күні «Детство» әнін орындап, Ирина Дубцова, Игорь Крутой, Лайма Вайкуле сияқты әділқазылардың көңілінен шыққан екен. Екінші айналымда "Индиго" тобын басып озған. Ал енді 24 мен 29 шілде аралығында өтетін финалда бақтарын сынайтын болады.

Қазақстан атынан бірінші айналымда 14 үміткер қатысқан болатын. Олардың қатарында қыздардан құралған "Индиго" және BIONIC топтары, Рада Матвиенко, Диана Шарапова, Луина, Маргарита Опря, Дария Ғабдулл, Алена Балашева, Натан, Дихан Ильяшев, Расул Жармағамбетов деген әншілер және MEZZO, NG хип-хоп топтары болған.

"Мате-Залка бойз" тобы Алишер Егембердиев, Батыржан Тазабеков, Равиль Исаков деген үш жігіттен құралған. Олар алғашында «Жұлдыздар фабрикасы» ән-байқауына қатысып, соның аясында құрылған болатын. Бастапқы құрамында Әли Оқапов та өнер көрсеткен, алайда кейін жеке шығармашылығымен айналысуды жөн көреді. Топ құрамындағы Алишер Егембердиев аталмыш байқаудың жеңімпазы. Байқау Алматы қаласында Мате-Залка көшесінің бойындағы ғимаратта өткендіктен топтың аты да солай аталып кеткен деген тұжырымдар бар.

Сурет: vk.ru

A. Mustafina