"Сен қасымда болмасаң" - орындаушысын бес жыл күткен ән

"Сен қасымда болмасаң" - орындаушысын бес жыл күткен ән

Асқар Жүнісбеков көпшілікке репертуарындағы «Періштем», «Толғанай», «Сен қасымда болмасаң» т.с.с. әндерімен танылған еді. Ал оның орындауындағы «Сен қасымда болмасаң» әнінің шығу тарихы ерекше. Алдымен сөзі, кейін әуені жазылған. Біраз жыл сандық түбінде жатып, араға уақыт салып, ән өз  орындаушысын тапқан.

Ақын Бақытжан Ауданбаев «Сен қасымда болмасаң, егер» деген өлеңін 2000 жылы жазады. Жұбайы қонаққа қыдырып кетіп, ол үйде жалғыз қалады. Құдай қосқан қосағын сағынып, көңілі құлази бастаған сәтте, ақын қолына қалам алып, өлең жаза бастайды. Сағыныш сезіміне толы өлең жолдары дайын болғанымен, ақын оны ешқайда жарияламай, мұрағатына сақтап қояды.

2002 жылы сазгер Ержан Серікбаев әдемі әуен жазып, әнге мәтін жазып беруін сұрап ақын Бақытжан Ауданбаевқа келеді. Әуенді естіген бойда, ақын бірнеше жаңа өлең жазады. Бірақ, ешқайсысы әннің көркін ашпайды. Сол кезде есіне 2 жыл бұрын жазған «Сен қасымда болмасаң, егер» деген өлеңі түседі. Еш ойланбастан, бұл өлеңді дайын әуенге салып көреді. «Егер» сөздерін алып тастаған соң, мәтін әнге дәл келіпті. Осылай «Сен қасымда болмасаң» әні дүниеге келген.

Марқұм Ержан Серікбаев бір сұхбатында: «Мен әндерімді ешуақытта тапсырыспен жазбаймын. Әндерім жүрегімнен шығады. «Сен қасымда болмасаң» әні де жүректен шыққан. Бауыржан жақсы сөздерін жазды, ал Асқар халыққа кеңінен таратты,» - деген еді.  

Жаңа әнді әуелі сазгер, кейін кіші топ алдында ақын орындап жүріпті. Бес жылдан кейін, Ержан Серікбаев әнді жас әнші Асқар Жүнісбековке ұсынады. Өз кезегінде әнші әнді жоғары деңгейде орындап шықты. «Сен қасымда болмасаң» әні жас әншінің өнер өлкесіне жолын ашты десе де болады.

Сен қасымда болмасаң

Әнін жазған: Ержан Серікбаев

Сөзін жазған: Бақытжан Ауданбаев

Орындаушысы: Асқар Жүнісбеков

Ешбір ғажап қызықтырмас менің жанымды, 
Сен қасымда болмасаң. 
Өмір - азап солғын тартар жүрек жалынды, 
Сен қасымда болмасаң. 
Түн де күліп тамылжымас, таң да атпайды, 
Сен қасымда болмасаң. 
Күн де түнді тартып алып, нұрын шашпайды, 
Сен қасымда болмасаң.

Қайырмасы:

Баурап алатын дидарың қандай, 
Қарай берем мен көзімді алмай. 
Жаутаң кағатын жанарың қандай, 
Арай төгетін алтын таңдай.

Табиғат та тамашасын жасырып алған, 
Сен қасымда болмасаң. 
Бір сұлулық байқалмайды қасымда қалған, 
Сен қасымда болмасаң. 
Күн де бір сәт көтерілмей, жүрек жылайды, 
Сен қасымда болмасаң, 
Бар әлемнің бар байлығы, бар байлығы түкке тұрмас, 
Сен қасымда болмасаң.

Қайырмасы:

Баурап алатын дидарың қандай, 
Қарай берем мен көзімді алмай. 
Жаутаң кағатын жанарың қандай, 
Арай төгетін алтын таңдай.

Суреттер: halyksozi.kz

Ғ. Ұзақ