«Аялаған Астана!» жеңімпазын жұлдыздар анықтайды

«Аялаған Астана!» жеңімпазын жұлдыздар анықтайды

«Аялаған Астана!» республикалық байқауының жеңімпазы артекте өтетін балалар арасындағы «Новая волна-2013» байқауына жолдама алатын болды. Бұл туралы Астана қаласының ресми сайты қала күнін мерекелеу ісі бойынша құралған ұйымдастыру комитетіне сілтеме бере отырып хабарлайды.

Естеріңізге сала кетсек, «Аялаған Астана!» республикалық шығармашылық байқауы Астана қаласының 15 жылдығына орай 2 сәуірде бастау алған болатын. Жобаның басты мақсаты – жаңа музыкалық топтарды табу, жас дарындарға қолдау көрсету.

Байқауға 8 және 15 жастағы жасөспірімдер эстрадалық музыка жанрында қатыса алады. Байқаудың бірінші кезеңі таңдау турларынан тұрады және еліміздің барлық облыстарында осы байқауға іріктеу болып өткен. Аймақтық іріктеуден өткен жас дарындар жартылай финалға жолдама алған.

Телевизиялық шоуға поп-музыка жанрында өнер көрсеткен 12 қатысушы таңдалыпты. Көрермендер жартылай финалға шыққан балалардың үш бірдей концертіне бара алады: 4 шілде – «Балалық әнұраны», 5 шілде – «Жұлдызбен дуэт», 6 шілде – «Менің елім» концерттері болады. «Аялаған Астана!» байқау ақтық сыны 6 шілде күні тікелей эфирде Еуразия Бірінші арнасында беріледі.

Ал жас өрендерді іріктейтін әділ-қазылар алқасы құрамында – Мәдина Сәдуақасова, Алтынай Жорабаева, Алмас Кішкенбаев, Мөлдір Әуелбекова, Жұлдыз, Бүркіт және тағы да басқа белгілі әншілер бар.

Іс-шараның ұйымдастырушылық жұмысын Астана қалалық әкімшілік, Астана Басқармасы және «АРС» атты белгілі ресейлік компания қолға алып отыр. «АРС» компаниясы дәстүрлі түрде өтетін «Новая волна» жастар байқауын өткізетін мекеме.  

Барлық қатысушыларға мақтау қағаздары берілсе, ақтық сынға шыққан дарабоздарға сыйлықтар мен диплом табыс етіледі. Ал байқау жеңімпаз Артекте өтетін балалар арасындағы «Новая волна-2013» ірі байқауына жолдама алады.     

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: astana.kz

А. Құлтай