Абайдың «Қара сөздері» поляк тіліне аударылды

Абайдың «Қара сөздері» поляк тіліне аударылды

Польша астанасы Варшавада Абайдың «Қара сөздері» таныстырылды. «Қара сөздер» тұңғыш рет поляк тіліне аударылған. Бұл туралы КазТАГ Жамбыл облысының баспасөз хатшысы Асқар Жалдиновқа сілтеме бере отырып хабарлады.

«Жаңа басылымның Варшава қаласындағы Польский театрында болған таныстырылымында Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерін» поляк тіліне аударған Хенрик Янковский аударуға студенттер сеп болғанын айтты. Себебі сол студенттер көп тілдерге аударылған Абайдың ғақлиялары неліктен поляк тіліне аударылмағанын анықтамақ болған екен» дейді Жалдинов.

Оның айтуынша, таныстырылымға келген қатысушылар аудармашының жеке қолын кітапқа қойдырып алуға мүмкіндік алыпты. Польский театрында таныстырылымнан кейін Бақтияр Әбілдаевтың пьесасының негізінде «Айша-бибі» спектаклі қойылған. Қойылымның режисері Әлия Баймаханова мен Жамбыл облыстық қазақ драма театрының труппасы Айша-бибі мен Қараханның махаббаты туралы қайғылы оқиғасын ұсынған. Қазақ тілінде болған спектакль польшалықтардың көңілінен шыққан екен.

Естеріңізге сала кетсек, Варшава қаласында 10 маусымнан бастап Жамбыл облысының Мәдениет күндері өтіп жатыр. Осыған дейін қазақ дәстүрлі әнінің облыстық жетекші артистері қойған концерттері мен «Ежелгі Тараздың қазынасы» атты көрме ұйымдастырылды.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: tengrinews.kz

А. Құлтай