«Art-Dala» тобы: "Қобыз аспабын қоржынға салып ойнау әбден мүмкін"

«Art-Dala» тобы: "Қобыз аспабын қоржынға салып ойнау әбден мүмкін"

Эстрадаға бет бұрған ең алғашқы қобызшы қыздардан құралған «Art-Dala» тобы осыдан жеті жыл бұрын дүниеге келген екен. Әу бастан бастарыңыз қалай қосылды?

Дариға: Біздің топ 2005 жылы құрылды. Ол кезде барлығымыз Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда оқыған болатынбыз. Барлығымыз мектеп қабырғасынан бері жақсы дос болып, бір үйдің баласындай болып кеттік. Алға қойған мақсатымыз бір, арманымыз ортақ болған соң, өзара ақылдаса келе, топ құруды қолға алдық. Тобымыздың атауын «Art-Dala» деп атадық. «Art» өнер, «Dala» кең-байтақ қазақ даласы деген мағына береді.

Ардақ: Менің ойымша, ең әуелі, тобымыздың құрылуына біздің достық қарым-қатынасымыз ықпал етті. Бар мақсатымыз эстрадаға өзге серпіліс әкелу, көптің бірі болмай, жаңа үрдісті жаңғырту болды. Қазақтың қасиетті аспабы қобыздың бар мүмкіндігін көрсетуді көздедік.

Жаңадан құрылған топқа қолдау білдірген жандар болды ма?

Ардақ: Шыны керек, алғашқыда бізге ешкім демеушілік білдірген жоқ. Тек қана жақындарымыз ғана рухани қолдау білдіріп, бізге тілектес болды.

Дариға: Біз өзімізге өзіміз қолдау білдірдік. Шәкіртақымызды жинастырып, алғашқы туындыларымызды жаздырдық.


Ал үлкен сахнаға алғаш шыққан кездеріңіз естеріңізде ме?

Дариға: Әрине, есімізде. Алғашқы рет топ болып үлкен сахнаға консерваторияны бітіру кешінде шыққан болатынбыз. Ұлағатты ұстаздарымыздың алдында өнер көрсетіп, ресми түрде тобымыздың тұсауын кестік.

Қобызшы қыздардан құралған алғашқы топ болып қана қоймай, алғашқылардың бірі болып, дәстүрлі орындаудан бөлек, аспапта тұрып ойнау тәсілін ойлап тапқан екенсіздер...

Дариға: Иә, қобыз аспабын қоржынға салып, композицияларды тұрып орындауды өзіміз ойлап таптық. Жоғарыда айтқанымыздай, біз көптің бірі болмауды көздедік. Өзіміздің тобымыздың өзгелерден ерекше екендігін көрсеткіміз келді. Алғашқылардың бірі болып, біз қобыз аспабында тұрып ойнау әбден мүмкін екенін дәлелдей алдық.

Алғашқы болып аспапты қоржынға салып, дәстүрлі орындаудан тұрып ойнау тәсіліне көшкен кезде сынға ұшыраған жоқсыздар ма?

Ардақ: Аспапта тұрып ойнау, әрине, көзі үйренбеген жанға жат. Тіпті, ұстаздарымыз да, музыка зерттеушілері де біздің идеямызға оң көзбен қараған жоқ. Сол кезде қобызда тұрып ойнау мүмкін емес деген бұрыс пікірлер өршіп тұрды. Ең алғаш рет қобызды қоржынға салып, сахнаға шыққан кезде жүрексіндік. Көрермен қауым қалай қабылдайды екен деп уайымдадық. Уақыт өте келе, біз өзіміздің ойымызды жүзеге асырып, алғашқы болып, тұрып ойнаудың мүмкін екендігін дәлелдей алдық. Қазір бізден кейін пайда болған қобызшылардан құралған топтардың барлығы дерлік аспапты қоржынға салып, туындыларды тұрып ойнап жүр.

Топ мүшелері жайлы айта кетсеңіздер...

Назым: Барлығымыз дарынды балаларға арналған музыка мектебінде қобыз класы бойынша білім алдық. Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның түлектеріміз. Әрқайсысымыз бірнеше музыкалық аспаптарда ойнаймыз. Туындыларымызды жаздырған кезде, керек болған жағдайда, басқа ұлттық аспаптарда ойнап, әуендерімізді әрлейміз. Бірақ та, негізгі аспабымыз – қобыз. Дариға мен Ардақ қылқобызда ойнаса, Анар екеуміз прима қобызда ойнаймыз. Қазіргі таңда, Анар құрбымыз жар атанып, бесік тербетіп отыр. Бірақ та, ол көп ұзамай қатарымызға қосылады.

Продюсерлеріңіз бар ма?

Дариға: Біз белгілі әнші, продюсер Нұрлан Албан ағамызбен жұмыс істейміз. Нұрлан ағаны өнердегі өкіл әкеміз деп білеміз.

Назым: Нұрлан ағамен жұмыс істеу бақытының бізге бұйырғаны тағдырдың үлкен сыйы деуге болатын шығар. Ол кісі бізге продюсер ғана емес, жол сілтеуші, бағыт-бағдар көрсететін арқа сүйер ағамыз.

Репертуарларыңыз бен бейнебаяндарыңыз жайлы айта кетсеңіздер

Ардақ: Репертуарымызда қазақ халқының күйлері мен халық композиторларының шығармалары бар. Қобыз аспабының жан-жақты мүмкіншілігін көрсету мақсатында репертуарымызға танымал шетел композицияларын қостық.

Дариға: Екі бейнебаянымыз бар. Алғашқы бейнебаянымызды 2006 жылы «Бозайғыр» күйіне түсірген болатынбыз. Екінші бейнебаянымызды 2011 жылдың жаз мезгілінде «Виктория» туындысына түсірдік.

Назым: Еділ Құсайынов, Алтынбек Қоразбаев, Виктор Хомяков, Оралхан Сәдуақасов, Сымбат Рақышев, Айжан Нұрмағамбетова, Мұрагер Сауранбаев сынды белгілі өнер майталмандарымен тығыз шығармышылық байланыстамыз. Сондай-ақ, қобыз аспабында ұлттық және шетел туындыларын ойнаумен қатар,  біз ән айтамыз.

Яғни халық күйлері мен танымал шетел композицияларын қобызда шебер орындаумен қатар, сіздер өз туындыларыңызды әсем дауыстарыңызбен толықтырасыздар. Әрі ән салып, әрі қобызда ойнау қиынға соқпайды ма?

Дариға: Қобыз аспабында ойнап, ән айту аса қиын емес. Кәсіби әнші болмасақ та, біз ән салуды қолға алдық. Бастамамыз жаман емес, тыңдармандар жақсы қабылдайды.


Алғашқы жазбаларыңызда «2011 жыл біздің топ үшін өте табысты жыл болды» деп жазыпсыздар...

Назым: Иә, 2011 жыл табысты болды. Екінші бейнебаянымызды түсірдік. Жаңа туындылар жаздырып, репертуарымызды кеңейттік. Еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында біз «Жастар» сыйлығымен марапатталдық. Еңбегіміз ескеріліп, шығармашылығымыз жоғары бағаланды. Көптеген үміткерлердің арасынан топ жарып, осы жүлдеге қол жеткіздік. Біздің топ үшін бұл үлкен жетістік.

Ардақ: Өткен жылы тәуелсіздік мерейтойының құрметіне ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі іс-шараларға қатысуға арнайы ресми шақыртулар алдық. Сондай-ақ, Түркия, Малайзия, Корея, Франция, Қытай, Сингапур, Гонконг сахналарында өнер көрсеттік.

Дариға: Қарағанды қаласында «Алтын батыр» степ-би тобымен бірлесе отырып, үлкен концерт бердік. Аталмыш концерт өз жалғасын желтоқсан айында Астана қаласындағы Конгресс-холл сахнасында тапты. Болашақта бұл концертті Алматы қаласында өткізсек деген ниетіміз бар.

Алға қойған шығармашылық жоспарларыңызбен бөлісеңіздер...

Ардақ: Биыл жеке күйтабағымызды шығаруды жоспарлап отырмыз. Құдайға шүкір, репертуарымызда бір күйтабақтың ішіне енетін дүние бар. Бірақ, олармен ғана шектелмей, біз әрқашанда ізденісте жүріп, жаңа туындыларды жазу үстіндеміз.

Ұлыстың Ұлын күні Әз-Наурыз мерекесінің қарсаңында біздің өтінішіміз бойынша репертуарларыңыздағы танымал «Үшқоңыр» әнін орындап бердіңіздер. Байқауымызша, бұл ән репертуарларыңызда ерекше орын алады.

Назым: Иә, «Үшқоңыр» әні біз үшін ең қымбат туындыларымыздың бірі. Бұл әнді өткен жылы тәуелсіздік мерейтойына орай тобымыздың атынан үлкен тарту болсын деген ниетпен арнайы жазған болатынбыз. Ұлы мереке қарсаңында да күллі қазақ жұртын «Үшқоңыр» әнімен құттықтауды жөн санадық.

Олай болса, жыл басы саналатын Наурыз мерекесіне қандай тілек айтасыздар?

Ардақ: Әрдайым аспанымыз ашық, еліміз аман, күніміз жарқын, жеріміз тыныш болсын!

Дариға: Көктем мерекесі баршамызға ырыс-береке, бақыт пен байлық, шаттық пен қуаныш сыйласын!

Назым: Келер жыл бақытты сәттер мен игі өзгерістерге толы болсын!  

Ғ. Ұзақ