"Тенгри рухы" шақырады!

"Тенгри рухы" шақырады!

Tengri FM ұлттық радиостанциясы маусым айының сегізінші жұлдызында сағат 19:00-де  Mega Alma-Ata сауда ойын-сауық орталығының алдындағы алаңда The Spirit of Tengri  атты Бірінші халықаралық фестивальдің презентациясын өткізгелі отыр.

"The Spirit of Tengri", яғни, "Тенгри рухы" мәдени-шарасының мақсаты Еуразия құрлығы халықтарының төл мәдениетін, шығармашылық дәстүрін таныстыру мен насихаттауға бағытталған. Биылғы жылғы жоба құрлықтың ең мықты этникалық топтарын бір арнаға жинауды көздеп отыр.

Қазақстаннан басқа шет мемлекеттерде ұйымдастырылғалы отырған фестивальдің негізгі демеушісі – "Alash Media Group" медиахолдингі.

Бірнеше ай бойы фестиваль қатысушылары дауыс беру арқылы іріктеледі. Іріктеу көрермендер бағасы, үздіктердің хит-парады және этника музыка фестивалі сияқты үш кезеңнен тұрады.

"The Spirit of Tengri" фестивалі жанұялық демалыс үшін жайлылық сыйлайтын open-air форматында жүргізіледі деп жоспарлануда. Ұлы даланы ежелден мекен ететін халықтардың рухани мұрасы мен дәстүрлік құндылықтары паш етілетін жарқын мәдени шараның көпшілік қауымға берері зор.

Фестивальге қатысушы өнерпаздар өз елдерінде ғана емес, өзге елдерде кеңінен танымал. Атап айтар болсақ, «Аргамак» (Башқұртстан Республикасы), «Намгар» (Бурятия Республикасы), Гульзада (Қырғызстан), Чылтыс (Таулы Шория), Болот Байрышев (Алтай), Юлиана (Якутия), «Саинхо Намчылак» (Тыва Республикасы), «Хангай» (Моңғолия) және т.б. Қазақстан елінен фестивальге «Алдаспан», «Magic of Nomads», «Роксонаки» және жеке орындаушы әншілер: Әсем, Қорлан, Найя қатысады.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева