ADAM: "Жаңа толқында үздік үштіктен көрінемін!"

ADAM: "Жаңа толқында үздік үштіктен көрінемін!"

Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. АDAM Мәскеуде өткен жартылай финалда әр мемлекеттен жиналған 100 үміткердің арасынан ерекшеленіп, үздік ондыққа кірген. Осылайша ол Юрмалада өтетін «Жаңа толқын» байқауына жолдама алды.             

16 елдің үміткерлері бақ сынасатын байқау 2 айдан кейін басталады. Ритм-н-блюз стилінде ән шырқайтын қарағандылық жігіт отандық шоу-бизнесте енді-енді танылып келеді. Соған қарамастан, ол дүбірлі доданың ақтық сынына жолдама алды. АDAM «Жаңа толқында» ән салуға ниеттенген 50-ден астам қазақстандық әншілердің ішінен суырылып шыққан. АDAM Игорь Крутой, Доминик Джокер сынды әділқазылардың сынынан өтіп, үздік үштіктің қатарынан көрінгісі келетіні жайлы айтты.                  

– "Жаңа толқын-2013" байқауында елімізді жерге қаратпаймын деп сенемін. Ол үшін көп дайындалдым. Енді тек бақ берсе, байқаудан жүлдемен ораламыз,  – дейді  ADAM.

25 жастағы жас әншінің үлкен сахнаға келуіне қарапайым караоке клубы көмектесіпті. Сол жерде ән шырқап отырған ол белгілі продюсер Динара Адамның көзіне түсіп, екеуі 8 жылға келісім-шартқа отырған. Жолы болғыш жігіт енді міне, халықаралық байқауда бақ сынап көрмек.

Биыл «Жаңа толқын-2013» ән байқауы 23-28 маусым аралығында өтеді. Әзірге, әншінің қандай ән орындайтыны белгісіз. Ұйымдастырушылардың айтуынша, талабы мол АDAM-ның бұл бәйгеде үздік үштіктің қатарына енуі әбден мүмкін.          

АDAM: "Байқауда өз елімнің намысын абыроймен қорғап шығу үшін барымды саламын. Жарысқа үш ай уақыт қалды. Сондықтан, қазірден бастап вокал жағынан қызу дайындық үстіндемін".          


Динара Адам, продюсер: "Егер біз Юрмалада үздік орын алып, биіктен көрінсек, бұл еліміздің абыройы болмақ. Ал егер биіктен көріне алмасақ, жалғыз мен кінәлі боламын. Мен жеңілу дегенді білмеймін. Алла қаласа, өз мүмкіндігімізді көрсетеміз".                

Жан Мұқанов, Халықаралық «Жаңа толқын» байқауының Қазақстандағы оргкомитет директоры: "Динара Адам үшін бұл үлкен жеңіс. Естеріңізде болса, бұған дейін әнші Қайрат Түнтековті «Жаңа толқынға» алып барған да Динара болатын. Продюсер ханым шын таланттарды тани білетіндігіне, таба алатындығына көзім жетті".   

Естеріңізде болса, ADAM-ның тұсауы «Еуразиялық Muzzone EMA 2012» марапаттау кешінде кесілген еді.  Әнші марапаттау рәсімінің шымылдығын «Жол» деп аталатын әнімен ашты. Әннің мәтінін жазған Перизат Жұмажан, әл композиторы – EL GATO.  Бұл авторлық әнге бейнебаян да түсіріліп қойған. Жақында халық назарына ұсынылатын бейнебаянның режисері белгілі клипмейкер Максим Задарновский.   

"Жаңа толқын-2013" сайысында ADAM-ға сәттілік тілейміз!          

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: total.kz

С. А