Қазақстанға Денис Мацуев келеді

Қазақстанға Денис Мацуев келеді

Бірінші халықаралық классикалық музыка фестивалі мен “AstanaPianoPassion” жас пианистер байқауының өткізілуі Астанадағы классикалық музыканы бағалаушы қауымға Ресейдің халық әртісі Денис Мацуевтың концертін тамашалауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Астана қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Оның концерттері әлемнің түрлі қалаларында тек аншлагпен өтеді. Елордада маэстро П.И. Чайковсийдің «Жыл маусымы» мен М.Мусоргскийдің «Көрме суреттерін» орындайды. П.И. Чайковскийдің «Жыл маусымы» Денис Мацуевтың нақышты орындауында фортепиано өнерінің алтын қорына енген. М.Мусоргскийдің «Көрме суреттері» пьесалары циклін керемет орындап, тамаша ойнауы Денис Мацуевты халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөледі", - делінген таратылған ақпаратта.

Естеріңізге сала кетелік, Массагет порталы бұған дейін Қазақстанның Астана қаласында 10-16 мамыр аралығында өтетін "Astana Piano Passion" І Халықаралық классикалық музыка фестивалі аясында "Astana Piano Passion" Халықаралық жас пианистер байқауы өтетіндігін хабарлаған болатын.

Байқаудың мақсаты – фортепианолық өнер саласында жаңа таланттарды тауып, ұлттық  фортепиано мектебінің дәстүрін нығайту, орындаушылық өнердің халықаралық тәжірибесімен алмасу, ұлттық мектептердің шығармашылық байланыстары мен дәстүрлерін жетілдіру, БММ фортепиано бөлімшелерінде кәсіптік оқу деңгейлерін арттыру. Жас жеткіншектерді рухани тәрбиелеудің құрамдас бөлігі ретінде классикалық фортепиано музыкасын насихаттап, жас қазақстандық дарындардың шығармашылық қадамдарына қолдау көрсету болып табылады.  

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: Массагет мұрағатынан

Massaget