Геометрия және көркемөнер. Ян Вермеер суреттері

Геометрия және көркемөнер. Ян Вермеер суреттері
Фото: massaget.kz (иллюстрация), wikipedia.org

Ян Вермеер –  XVII ғасырда өмір сүрген нидерландтың әйгілі суретшісі. Вермеер суреттері қай уақытта да жоғары бағаланған. Әсіресе композицияларының геометриясы мен детальдарының дәлдігі.

Ян Вермеер шығармашылық ғұмырында 45 шақты сурет салған. Оның тек 34 суреті ғана бізге белгілі, сондай-ақ тағы 3 суретті ("Виржинелдегі қыз", "Қасиетті Праксидия", "Флейталы қыз") Ян Вермеер салды деп көрсетіп жүр. Ол өз заманында тапсырыспен де сурет салған. Бірақ тапсырыс берушілер көп күтуге мәжбүр болған. Себебі Вермеер суретті өте баяу салған, көп уақыт құртқан. Сол уақыты нәтижеге тұрарлықтай деуге болады. Оның суреттеріндегі әр деталь зергерлік зейінмен, композиция геометриясы ептілікпен салынған. Бұл да бір жатқан сыр.

"Суретші шеберханасы"

Вермеердің "Суретші шеберханасы" атты мына туындысына зер салсақ, дәл перспективаны қажет ететін интерьерді байқауға болады. Едендегі жолақтарды жалаң қолмен мінсіз салу мүмкін емес. Арнайы құрал керек. Вермеер оған қарапайым түйрегіш пен жіпті пайдаланған екен. Жолақтардың түйіскен нүктесін тесіп, жіпті өткізіп түйрегішке бекіткен. Суретші жіп арқылы еден жолақтарының перспективасын анықтап, түзу, дәл сызған.

Суретшінің мұндай тәсілмен салынған оның 17 суреті бар. 

"Бір бокал шарап"

"Хат жазып отырған қыз және оның қызметшісі"

"Концерт"

"Музыка сабағы"

Ян Вермеер тек перспективаның ғана емес, жарық пен көлеңкені бейнелеудің шебері. Оның бөлмеге түскен жарықты, заттардың көлеңкесін қылқаламмен салған кескіндері сол заманғы көп суретшінің қолынан келмеген. Мұндай нәтижеге оның қалай жеткені беймәлім. Барлығы талант, табандылық, суретшінің қымбат пигменттерден жасаған бояуларының үйлесімі деуден артық уәж жоқ.

Massaget.kz