Әдебиет бойынша "Нобель" иегері Боб Дилан салған суреттер

Әдебиет бойынша "Нобель" иегері Боб Дилан салған суреттер
Фото: buro.ua

Лондондағы Halcyon галереясында екі жыл бұрын елді дүрліктіріп әдебиет бойынша Нобель марапатын алған рокер Боб Диланның сурет салатын өнері барын оның шығармашылығына қызығушылық танытатындар болмаса, бәрі бірдей біле қоймас. Енді сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында ма, әлде басқа себеппен бе, әйтеуір, Дилан салған суреттер көрмесі ашылды.

Экспозицияда Mondo Scripto аталатын бір сериялық туындылар көрсетіледі. Бұл суреттер лирикалық өлеңдерден алған әсері негізінде салынған екен.

Мысалы, Ballad of a Thin Man әніне салынған суреттер мәтінде айтылатын қылыш жұтушы адам бейнеленген. Жалпы саны 60 шақты картинаның осындай өз себепкері бар.  

Естеріңізге сала кетейік, Боб Диланға Нобель сыйлығы ерекше поэтикалық тілімен қоса, өзіндік философияға қанық әндері үшін берілді.  Америкалық автор-орындаушы, ақын, суретші, киноактер Боб Диланның әлем әдебиетіндегі үлесіне күмән келтіретіндер ендігі азайған да шығар. Өйткені, біле білгенге, жарты ғасыр бойы барша белгілі рок топтардың ең танымал әндерін осы Боб Дилан жазып келеді.

А. Оралқызы