The Beatles тобы туралы қызықты дерек

The Beatles тобы туралы қызықты дерек
Фото: www.discogs.com

Осы аптада бүкіләлемдік "Битлз" күні өткені белгілі. ЮНЕСКО шешімімен 2001 жылдан бері аталып келе жатқан мереке құрметіне даңқты  The Beatles тобы туралы қызықты ақпарат ұсынып отырмыз. 

Ливерпульдік төрттік альбомдарының тысындағы ең атақты сурет – “Abbey road” мұқабасы.

Бұл сурет 1969 жылы тамыз айының 8-ші жұлдызында жасалған. Джон Леннон мен Йоко Ононың Ян Макмиллан есімді фотограф досы түсірілімді EMI студиясының қасында ұйымдастырған. Одан бұрын Пол Маккартни өз идеясының бірнеше сызбасын жасап Макмиллан көрсеткен болатын.

The Beatles тобының жігіттері түсірілімді күтіп отырған кезде Линда Маккартни бірнеше фотосурет түсіріп үлгерген екен. 60-шы жылдарда атағы жер жарған топтың сирек суреттері өнер сүйер қауым үшін аса құнды естелік болары анық.

Түсірілім барысында  көліктерді тоқтату үшін полиция қызметкерінің көмегіне жүгінген. Макмиллан жалпы саны 6 сурет түсіріпті. Күн аса ыстық болған соң, Маккартни олардың 4-еуінде жалаңаяқ жүрген күйінде фотокадрға түсіп қалған.

Солардың ішінен таңдау 5-шісіне түсті. The Beatles тобы осы сурет арқылы өздерінің студиядан шыққан кезде жүріп өтетін күнделікті жолдарын көрсеткісі келген екен.

Сол күні түсірілген 6 суреттің бірі 2012 жылы мамыр айында Лондонда өткен бәссаудада 16 мың фунтқа бағаланды.  

А. Оралқызы