Мен ұша алатыныма сенемін

Мен ұша алатыныма сенемін

Мен ұша алатыныма сенемін - бұл адреналин үшін бәрін де жасауға құмар француз жігіттер тобының түсірген ролигі. Олар әлем бойынша саяхат жасап, норвегиялық фьордтар мен Альп шыңына шығады. Тау шыңында қолайлы алаң тауып алған соң, еріктілер жүйкеңізбен ойнайтын іс-әрекеттер жасайды. Мұны қайталауға тыйым салынады!

Құз үстінде тартылған арқан жіпке қауіпсіздік үшін ілінген спорттық парашютпен қыз-жігіттер асыр-салып ойнауды бастайды. Ал парашюттен басқа, ерекше ерлік пен сенімділік те керек болады. Бұл тек қана ерігу немесе қызығушылық емес, өмірді өзге қырынан тану пәлсапасына негізделген сыңайлы.

Seb Montaz есімді ерікті екі шыңды жалғаған арқан үстімен жүріп көреді. Өмірін Альп тауларында өткізіп, шаңғымен сырғанап, сноуборд теуіп, одан қалды, түрлі биіктіктерден парашютпен секіріп өскен оның дайындығы мұндай сынақтардан өтуге мүмкіндік береді. Бір таңғаларлығы ол бұл әрекетті ешқандай қауіпсіздік белдігінсіз жасайды. Кейде құлап бара жатқандай болса да, жіпке кенедей боп жабысқан сәтін көріп жүрегіңіз орнына түседі. Оның сенімділігіне таңданбасқа шара жоқ.

Бұл фильм ешқандай да ақшасыз, не бірде-бір демеушісіз түсірілген. Оның орнына көп жұмсалғаны - жүрек пен жігер. Фильмнің кішкене ғана үзіндісін көргенде-ақ, Seb Montazдың өз өмірін биіктіксіз өткізе алмайтынына сенімді бола бастайсыз.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: prointeresnoe.ru

А. Құлтай