«Жеңіс семсері» Болат Сүлеевтің соңғы еңбегі

«Жеңіс семсері» Болат Сүлеевтің соңғы еңбегі

2013 жылы 27 ақпанда сағат 19:00-де Алматы қаласында «Арман» кинотеатрында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған «Жеңіс семсері» атты балаларға арналған фильмнің тұсаукесері өтті. Фильм – танымал қоюшы оператор Болат Сүлеевтің соңғы жұмысы болып отыр.

Жоңғардың рөлін «Монғол» фильміне түскен, Джеки Чан қатысқан «Үлкен солдат» фильмі арқылы көрерменге жақсы таныс, монғолдың атақты актері Хонг Тонг Бату сомдады. Сонымен қатар, «Жеңіс семсері» фильміне танымал актер Болат Қалымбетов («Жиде», «Секер») және Әзиз Бейшеналиев те («Мұстафа Шоқай», «Ликвидатор») түсті.

«Жеңіс семсері» кинотуындысы 2010 жылдың жаз айларында Алматы және Жаркент қалалары төңірегінде түсірілді. Картинаны әсем әуенмен кестелеген талантты композитор Әліби Мәмбетов. Фильмде қолданылған әуендерді сазгердің басқаруымен симфониялық оркестр орындағанын айта кеткен жөн. Тағы бір жәйт, фильмді түсіру барысында «Номад» каскадерлер тобы және сол топтың негізін салушы Жайдарбек Күнғожинов (фильмде батыр баланың әкесін сомдаған) барлық трюкті абыроймен орындап шықты.

Бұл – фантастикалық ертегі. Семсерін іздеген Арыстан батыр уақыт пен кеңістікті көктей өтіп, қазіргі заманға тап келеді. Оның семсерін ауыл баласы Айтуар тауып алған еді. Арыстан мен Айтуардың кездескен сәтінен бастап шытырман оқиғалар өрби жөнеледі. Фильм идеясы жас өскін ұрпақты Отанды сүюге, өз халқының тарихын білуге және қастерлеуге шақырады.

Баспасөз мәслихаты барысында картинаның режисерлері фильмнің балаларға арналғанын және отбасымен бірге тамашалауға болатынын атап өтті.

«Әр бүлдіршіннің бойында нағыз  батырға тән қасиеттер - ержүректік пен қайсарлық бар екенін бәріміз де жақсы білеміз. Фильм әзілге толы. Осындай езу тартқызар  сәттер арқылы көрерменнің көңілінен шығамыз деген ойдамыз», - деді фильмнің режисері Әсия Сүлеева.

Батырдың рөлін «Келін» және «Сардар» фильмдері арқылы танылған астаналық актер Ержан Нұрымбет сомдады. Басты кейіпкер Айтуармен достығы нығая түскен ол, бүлдіршінді қашанда шындыққа жақ, қамқор болуға және ештеңеден қорықпауға шақырады.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: «Қазақфильм»

А. Құлтай