Джеки Чан қазақстандық киноға түспек

Джеки Чан қазақстандық киноға түспек

Қазақстандық «Олимпиадалықтар» телехикаясында Джеки Чан ойнауы әбден мүмкін дейді жоба режисері Питер Берман. Фильм еліміздің Олимпиада чемпиондары Илья Ильин, Александр Винокуров және Серік Сәпиевтер туралы.

Десек те, әзірге бұл картинада бой көрсетуге Илья ғана келісім берген. Ол түсірілім басталғанға дейін арнайы актерлік шеберлік сыныптарында оқитын болды. Хикаяның бастапқы серияларында велошабандоз Александр Винокуровты оның баласы сомдайды делінген.

Режисер телехикаяда басқа да шетелдік жұлдыздар болатынын айтады. Қазіргі уақытта Джеки Чанмен келіссөздер жүргізілуде екен. Басты мәселе оның қаламақысында болып тұрған сыңайлы. Сондықтан да Питер Берманның демеуші іздеп жатқаны белгілі болды.

Сюжетке келсек, үш негізгі кейіпкер де спорт интернатының оқушылары. Винокуров (картинада Виноградов) бала кезінде-ақ жеңістің дәмін татқан дарын болса, ойдан құралған сценарий бойынша Серік Сәпиев бала кезінде ауыр жарақат алады. Әрмен қарай оның тағдыры қытайлық шебердің қолында болмақ. Бұл қытайлық шебердің рөлін Джеки Чан сомдайды деп күтілуде.  

Айта кетсек, фильм түсірілімдері осы 2013 жылы-ақ басталмақ.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: okino.ua

А. Құлтай