Фархат Шәріповтың жаңа жобасы жылан жылының еншісінде

Фархат Шәріповтың жаңа жобасы жылан жылының еншісінде

"Басқа планеталықтардың қатысы жоқ" атты жаңа жылдық киножоба 2013 жылдың желтоқсан айында көгілдір экранға жол тартады. Фильм режисері – «Сказ о розовом зайце» киносын түсірген Фархат Шәріпов. 

Алғашында бұл кинофильм осы жылдың соңына жоспарланған болатын. Бірақ режисер сценарийді қайта жазып шыққандықтан, түсірілімнің сәл кешігіп қалған жайы бар. Өйткені түсірілім тобы ағымдағы жылдың қараша айының соңында ғана іске көшкен болатын. Қазірге дейін бұл жобаға "12.12.12" деген ат беріліп келген еді. Премьераны келесі жылға қалдырғандықтан, киноға жат планеталықтарды қосып, атын өзгертуге тура келген. 

Кинофильмнің сценарийі сегіз адамның тағдырымен байланысы бар бес оқиға желісіне негізделген. Сол оқиғалар өзара шиеленісіп келеді де, кинофильм соңында адам құндылықтары туралы ой оларды бір арнаға тоғыстырады. "Біріншісі - орта жастағы аға мен оның тоқалы жайлы оқиға, екіншісі - өз бақытын табу жолында жанталасқан үш жігіттің тарихы, үшіншісі - жұртты арандатумен және алдаумен күн көретін елкезбелер жайында. Тағы бір оқиға көлік тұрағында қызмет ететін күзетшімен байланысты. Олар кинофильмдегі қарпайым адамдар, - дейді Фархат Шәріпов кинофильм желісі жайында.

Фильмде Фархад Әбдірайымов, Максим Акбаров ("Сказ о розовом зайце") сынды белді актерлер ойнайды. Кинолентада сонымен қатар, Әсел Сағатова да болады деп жоспарланған еді. Бірақ оны Арай Рамазанова алмастыратын болды. "Акбаров ақшасыз өскен жігіттің рөлін сомдайды. Ал Әбдірайымов жалғыз басты 40 жастағы бойдақ жүргізушінің рөлінде. Ол бұрындары үш-төрт рет үйленген. Қазір қала сыртында тұрады. Жүк тиеу ісімен айналысады", - дейді режисер кейіпкерлері жайында.

40 жастағы бойдақ жүргізушінің рөлінде  Фархад Әбдірайымов

Таршылықта өскен жігіттің рөлінде Максим Акбаров

Кинофильм түсірілімі көбіне Астана қаласында өтеді. Ал Алматыда тек бір ғана көрініс түсіріледі. Шәріпов барлық материалдардың 2013 жылдың көктемінде дайын болып, монтажға жіберілетінін де айтты. Сонымен қатар, режисер БАҚ өкілдері мен киносыншыларға арнап дайын жобаны шілде мен тамыз айларында бір жарыққа шығаруға уәде берді. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: alashainasy.kz, eventica.kz

А. Әбілхан