«Түс торушылары» VS «Мұрагер»

«Түс торушылары» VS «Мұрагер»

Сіздің назарыңызға жаңа шыққан фильмдерге талдау, жәй ғана талдау емес, сонымен бірге салыстыра отырып талдау. Бұл арқылы сізге қай фильмнің десі басым екенін, қайсысына баруыңызға болатынын кеңес ретінде жазып отырмақпыз. Ендеше бірінші кезекте "Түс торушылары" ("Хранители снов") анимациялық фильмі мен "Бригада 2: Мұрагер" ("Бригада2: Наследник") туындысын салыстырамыз.

Сіз «Бригада 2: Мұрагердің» атақты аттас бірінші хикаясын көрген боларсыз. 90-жылдардың елесіндей болып қарпып өткен фильм 2002 жылы шыққан. Теледидары бар көрермен 15 серия бойына мейлінше өсе түскендігі себепті, фильм режисері Алексей Сидоровқа үлкен қошемет болатын. Ресей тарихында ең қымбат телехикаяға айналған фильмнің жалғасы түсіріледі дегенде елдің бәрі, ел деймін-ау, басты рөлді ойнаған Сергей Безруковтың өзі безіп кетті. Ел әйгілі төрт жігіт туралы фильмнің жалғасын тек ақша табу үшін түсірілген жоба деп айтып салды.

Сериалдың 10 жылдан кейінгі елесінде Иван Белов (бас қаһарманның үлкен ұлы) есімді жігіт өте ақылсыз. Әкесіне тіпті де ұқсамайтын, қыз көрсе қыза кететін образ боп шыққаны өкінішті. Иван Макаревичтің сомдаған кейіпкері сюжет бойынша да, жеке актердің шеберлік ерекшелігі бойынша да өте төмен деңгейде танылады. Фильмді алғашқы нұсқасына ұқсатқысы келген, сол арқылы фильм атмосферасын жасау әрекетінің барлығы да сәтсіз, жасанды. Шешесінің (Екатерина Гусева) өз баласына «Неге орысша сөйлеп тұрсың?» деп қағытуы ешкімге ешқандай ой салуы мүмкін емес. Оған баласы «Шеше, мен орыспын ғой!» дейді. Бұдан не түсіндіңіз? Әлде сақтығын ойлап жүрген анасының орыс екені белгілі емес пе? Кішкене ұлының қолындағы скрипканы оқиғаның қисынсыз жеріне апарып қоса салған. Ағасы алқынып-ұшып үйіне келіп тұрса ессіздеу інісі «Аға, қара мен қалай ойнаймын» деп көлденеңінен кесе жөнеледі. Фильмнің басындағы кадрларда Саша Белыйдың (Сергей Безруковтың) көлік жүргізіп келе жатып, оны әлдекімдер жарып жіберіп, жардан құлатқан сәті бар. Фильмге түсуге қарсы болған актердің қалау-қаламауына түкіріп қараған фильм ұйымдастырушылары оның түр-тұлғасын арзанқол компьютерлік бағдарламалар арқылы жасай салған. Баласы болса, тезірек байып кетудің амалын қарастырып жүріп, қыздың кесірінен бәрін де бүлдіреді. Содан тапсырма берген адамына көмек қолын созуды дұрыс деп тапқан ол шешесі ешкімге де көрсетпей, тығып жүрген құнды қағазды ұрлайды да Ресейге алып ұшады. Құнды құжат Мәскеудегі ең бай адамдар тұратын Рублевка маңындағы жердің құжаты болып шықса Иван не істейді дейсіз ғой? Не сүйген қызын іздегені белгісіз, не жерін іздегені белгісіз, әйтеуір біреулердің есігін қағып, «Мынау жер менікі! Сендермен енді сотта сөйлесеміз» дейді ғой, шіркін. Лера (Анна Попова) есімді қызды іздеді делік, оның Ресейдегі мекен-жайы туралы кейіпкер оған ештеме айтқан жоқ. Сөз арасында туысқандарының Рублевкада тұратынын қыстырған-тын. Сценаристердің логикалық қателерінен аяқ-алып жүре алмайсыз. Фильмнің соңына қарай Саша Белыйдың тірі екені кейіпкер аузымен айтылады да, өзі көрінбейді. Ештемені де түсінбеген сыңайда кинотеатрдан қалай шығып бара жатқаныңызды біліп қаласыз...

Ал енді, негативтен позитвке өтейікші. «Түс торушылары» анимациялық фильмі ең атақты делінген «Мадагаскар», «Шрек» мультфильмдерінің жасаушысы – Питер Рэмсидің жаңа шедеврі. Сюжет Уильям Джойстың осы аттас кітабынан алынған. Фильм өшпес тақырып – жақсылық пен жамандық турасында. Дубляж орыс тілінде болғанымен көңіліңізден шығатынына сенім бар. Өте сапалы мультипликацияның төрт қаһарманы бар: Санта Клаус (Аяз атаға ұқсайтын Сантаны бірінші рет көруім), қоян, тіс феясы және құм адамы. Ал негізгі тартыс Мұзды Джек пен Кромешник арасында болмақ. Балалардың кімге сенім-нанымдары мықты болса, онда сол тірі қалмақ. Түн қараңғысын пайдаланған жаман ниетті кромешник әлемдегі балақайларды қорқытып, үркітумен болады. Ал Мұзды Джек түс торуылшысы болғалы бері өзінің бұрынғы өмірі туралы біліп, ерекше қуатты бола түседі. Қақтығыс қызықтары мен әзілдей берілген тұстары ерекше қуантады. Кішкене баладан бастап, ересек адамға дейін көре алатын туындының соңы «хаппиенд». Сондықтан да, жақсы көңіл күй алғыңыз келсе біз сізге кеңес бердік.

Екі бірдей емес дүниені салыстыру қаншалықты дұрыс екенін білмедік, бюджет айырмашылығына қатысты осы ойды кері бұруға да болады.  

P.S. Орыстың бір жақсы сөзі бар, «Жақсы дүние аз болсын» («Хорошее по маленьку») деген. Ендеше осы сөзбен-ақ керемет фильмге шақырамыз. Кинотеатрда кездескенше!

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: kino-teatr.ru, markonmedia.com

А. Құлтай