Джеки Чан кинодан кететіндігін айтты

Джеки Чан кинодан кететіндігін айтты

Мыңдаған адамдардардың сүйікті актері Джеки Чан кинодан кететіндігін мәлімдеді.

Актер өмірінің қалған бөлігін қайырымдылыққа арнауды жоспарлап отыр. "Алдымен Bentley-імді аукционға салып сатамын. Түскен ақшаны мұқтаж адамдарға таратып беремін", - деді Джеки журналистерге берген сұхбатында.

Чан кино әлеміне 12 жасында келді. Содан бері ол жағымсыз рөлдерді сомдап көрмеген. Актердің өзінің айтуынша, бұл оның табиғатына мүлдем жат нәрсе. "Маған қандай ақша ұсынса да, ешқашан жағымсыз кейіпкерді сомдамас едім. Тіпті экранда да қылмыскер болуды қаламаймын", - деді Джеки.

Айта кетелік, 2009 жылы актердің 100-фильмі "Қытай жұлдызнамасы" болатындығы айтылған еді.

Джеки Чан 1954 жылы 7 сәуірде Гонконг қаласында кедей отбасында дүние есігін ашты. Шын аты Конг-Санг Чан. Бұл сөздің мағанысы - "Гонконгтан шыққан". Ата-анасы тақыр кедей болды. Сондықтан ол бала күнінде аштықты талай бастан кешкен. Кейін ата-анасына жұмыс тауып, Австралияға қоныс аударады. Ал 6 жасар Джеки отанында қалып, Қытай жабық драмалық академиясына түседі. Сөйтіп, тағдыр тәлкегіне қалған ол академиядағы нағыз қатаң тәртіптің тезіне түсіп, таңғы 5-тен тұрып, 16-17 сағат бойына созылатын тынымсыз жаттығулар орындайды.

1971 жылы актер академияны бітіреді. Кинодағы жолын каскадерліктен бастаған қайтпас қайсар Джеки Чан актерлік өмірде де небір аса қауіпті трюктерді өзі орындады. Екі омыртқасын, мұрнын, аяғы мен қолын да талай сындырып, кеңірдегін жаралап, көзінен айырылып қала жаздаған. Тіпті бас сүйегін сындырып, өлім аузынан қалды. 

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: bestin.ua