«Студент» фильмі Португалия фестивалінде арнайы сыйлық алды

«Студент» фильмі Португалия фестивалінде арнайы сыйлық алды

Дәрежан Өмірбаевтың «Студент» фильмі Lisbon & Estoril Film Festival қазыларының арнайы жүлдесін алды. Фестиваль 9-18 қараша аралығында өткен болатын, деп хабарлайды «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі.

Фанни Ардан жетекшілік еткен қазылар алқасы қазақ режисерінің шеберлігіне, жаңалығына назар аудара отырып жүлде берген екен. Фильм Федор Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының мотивімен түсірілген. 2012 жылы 17 мамырда Канн фестивалінде тұсауы кесілген фильмде Алматы қаласында Жоғары оқу орындарының бірінде оқитын студенттің әлеуметтік жағдайы, өмірі, қиындықта қабылдайтын шешімі мен әрекеті баяндалған. Қазақстандық фильммен қатар, Ресей режисері Марина Разбежкинаның "Қыс, баршы" ("Зима, уходи") фильмі "Ең керемет дебют" номинациясында сыйлық алды. Уиллем Дефо, Ингрид Кавен, Монти Хеллман секілді атақты киноактерлер шеберлік сабақтарын өткізуге арнайы Лиссабонға ат басын тірепті. 

Фестивальдің негізгі мақсаты мәдениеттің әртүрлі бағыттарын түйістіру, кинодан әдебиет өнеріне, музыкадан суретшілік өнерге бағыт алу болып табылады, делінеді ақпарттық қағазда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба заманауи өмірдің өзекті тақырыптарын сөз етіп, әлемдегі түсіріліп жатқан танымал емес фильмдерді көрерменмен таныстыруға мүмкіндік туғызатын жер.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: mundodocinema.pt, filmena.ru

А. Құлтай