Педро Альмодовардың жаңа картинасы жарыққа шығады

Педро Альмодовардың жаңа картинасы жарыққа шығады
Фото: vk.com

Аса талантты Педро Альмодовар жаңа фильмін өңдеу жұмыстарын аяқтады. Әлеуметтік желілерде оның алғашқы трейлері жарық көрді.

Бір қуантатыны, оның картинасына авторлық фильмдер шеберінің музасы Пенелопа Крус қатысқан. Шыны керек, онсыз Альмодовар фильмдерін елестету қиын. Сондай-ақ, актерлік харизмасымен талай жұртты тәнті еткен Антонио Бандерас та жобаға арнайы шақыртылған. Үш бірдей испаниялық талант бірлесе жасаған фильмді көпшілік колоритті атмосферасы үшін асыға күтері анық.

Режиссердің айтуы бойынша, "Дерт пен атақ" (Dolor y Gloria) картинасы кинематография мен театрдағы шығармашылықты жеке өмірден ажыратуға тырысатын өнерпаздар жолындағы қиындықтар туралы әңгімелейді. 

Фильм сюжеті El Deseo киностудиясынан басталады. Бұл – Педро Альмодовар туған бауыры Агустинмен бірге 1987 жылы негізін қалаған шеберхана. Өзіңіз байқап отырғандай, сценарийдің басым бөлігі автобиографиялық сипатқа ие.  Басты рөлдерді, яғни, ағайынды режиссерлерді Антонио Бандерас пен Асьер Эчеандиа  сомдайды. Әйелдер бейнесі Пенелопа Крус бен Хульета Серраноға бұйырған.

Картина Альмодовардың алғашқы махаббат, екінші рет сүйіспеншілік сезімін кешу, ана атану, өлім, 60-шы, 80-ші жылдар, қазіргі уақыт секілді ұғымдарға қатысты пікірін, ой-толғамын көрсетеді. "Дерт пен атақ" (Dolor y Gloria) фильмінің Испаниядағы премьерасы 22 наурызға жоспарланған.

А. Оралқызы