Қазақ фильмдері қазан айында Шанхайда көрсетіледі

Қазақ фильмдері қазан айында Шанхайда көрсетіледі
Фото: vestikavkaza.ru

Қазанның 19-20 аралығында Қытайдың Шанхай қаласында халықаралық «The Most Credible Award 2018» фестивалі өтеді. Бұл жоба «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында ұйымдастырылғалы жатыр. Үздік киногерлер қатысуымен өтетін салтанатты шарада қазақстандық кинотуындылар да көрсетіледі.

Атаулы жоба, жоғарыда айтқандай «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының аясында өтетіндіктен, оған Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан мемлекеттер қатысады.

Фестивальге арнайы шақырылған қонақтар тізімі де жарияланды. Олардың арасында Қытайда аса танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген де бар. Сонымен қатар, атаулы шараға Ип Ман образында танылған Donnie Yan, белгілі әртіс Sammo Hung, режиссер Zhang Jizhong секілді танымал жұлдыздар да келеді деп жоспарланған. Ал қазақстандық өнерпаздар тарапынан Димаштан бөлек, тағы да эстрада әншілері және киножұлдыздар шақырылмақ. Бірақ, әзірше олардың есімдері белгісіз.

«KOZ Production» бас директоры, актёр Мұхаммед-Расұл Көздібайдың айтуы бойынша, фестивальге барлығы 20 фильм ұсынылады. Осы жиырманың ішінен үздік деп танылған 6 фильм Қытай кинопрокатына іріктеліп алынады.

Мұхаммед-Расұл Көздібайдың компаниясы қазіргі уақытта Қазақстанның «Ұлы жол» фильміне қатысуы бойынша Donnie Yan мен Джеки Чанның жауабын күтіп отыр. Ендеше, соңғы жылдарда көш ілгері жылжып келе жатқан қазақ киносына бұл зор мүмкіндік екені айтпаса да белгілі.

Ұйымдастырушылардың таратқан хабарламалары бойынша, фестивальдің ашылу салтанаты 124 елде трансляцияланады. Шара қатысушылары 9 елдің танымал медиа өкілдерімен танысу мүмкіндігіне ие болады.

А. Қажиев