Канн кинофестивалін Фархадидің фильмі ашады

Канн кинофестивалін Фархадидің фильмі ашады
Фото: vk.com

Иран режиссері Асгар Фархадидің "Бәрі біледі" аталатын психологиялық триллері 71-ші Канн кинофестивалін ашады деп хабарлайды Батыс ақпарат құралдары.

Фархадидің туындысы – ең беделді фестивальді ашу құрметіне ие болған испан тіліндегі екінші картина. Алғаш рет мұндай мәртебе 2004 жылы Педро Альмодовардың "Жаман тәрбие (үлгі)" фильміне бұйырған болатын.

"Бәрі біледі" картинасының сюжеті Буэнос-Айрестен Мадридке саяхатап келген ерлі-зайыпты мен балаларының алдынан шығатын жағымсыз оқиғалар төңірегінде өрбиді. Басты рөлдерді актерлік харизмасына ешкім күмән келтірмейтін, сондай-ақ өзара үйлесімді дуэт Хавьер Бардем мен Пенелопа Крус сомдайды.

Бұл фильмнің таңдалуы фестивальдің арт-директоры Тьерри Фремоның белгілі актерлер жұмылдырылған картинаға басымдық беру тенденциясына сай келеді.  

Осыған дейін Асгар Фархадидің 2 фильмі Канн кинофестиваліне қатысқан болатын. Конкурстық бағдарламадағы фильмдер тізіміне "Коммивояжер" (2016) мен "Өткен шақ" (2013) енді. Екеуі де марапатқа қол жеткізді, кейін "Коммивояжер" шетел тіліндегі үздік фильм ретінде "Оскарды" да қанжығасына байлады.

Естеріңізге сала кетейік, 71-ші Канн кинофестивалі мамыр айының 8 мен 19 аралығында өтеді. Қазылар қатарын актриса Кейт Бланшетт бастайды.

А. Оралқызы