Эля Гильман, кинорежиссер, продюсер: "Киноны өзің және көрермендерің үшін түсіру қажет"

Эля Гильман, кинорежиссер, продюсер: "Киноны өзің және көрермендерің үшін түсіру қажет"

Эля Гильман Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы мен С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университетінің түлегі. Қазақ киносына өзіндік қолтаңба қалдырып үлгерген режиссер көрерменді қашан да ешкім айтпаған ой мен ешкім бейнелемеген картиналарға жетелеуге талпынады. Оның осы кезге дейінгі ірі жобасы «Трубадур» атты фильм туған жер, Алматының қасиеті, адам мен табиғат қатынасы жайлы лирика мен романтикаға бөлейді. Ал «Жүрегім менің Астана!» альманахындағы «Тосын сыйлығы» тапсырыспен түсірілгеніне қарамастан, режиссердің өзіне жақын сезімдерді тап басқан туынды болды.

- Эля, биыл жарыққа шыққан «Жүрегім менің Астана!» атты киноальманахтағы сегіз хикаяның бірі «Тосын сыйлық» деген жобаны сіз түсірдіңіз. Фильмде Астанаға деген махаббатпен бірге Алматыға деген қимастық та білінеді. Қос астанаға деген бірдей ықыласты көрсету оңайға түспеген болар?
- Бұл картина оны көрген адамдар арасында әрқилы пікір туғызды. Астанада ол жылы қабылданды өйткені, бұл астаналықтардың, біз, алматылықтар, түсіне бермейтін өз қаласы. Алматыда да картинаны жақтырмағандар болмады бұл да түсінікті. Картина әсте біртекті емес: 10 хикая және 10 түрлі режиссер, оның ішінде, дебютант режиссерлер бар. Туынды ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай тапсырыспен түсірілді және киногерлер әдеттегідей «үлгермей қалды». Мен бұл жұмыстың барлық кезеңінде шығармашылық топ мүшелерімен өзара соғысып жүрдім: сценарийін жазудан бастап, дыбыстауға дейінгі аралықта өз тарихымыздың бояуы сақталғанын қаладым. Бірақ қазір киноға продюсерлер үстемдік етіп тұрған уақыт. Оның үстіне, продюсерлер о баста барлық режиссерге монтаждың ақырғы нүктесін өздері қоятынын ескертті. Маған режиссер ретінде киноны актерлердің өз даусымен дыбыстай алмағанымыз өте өкінішті, мысалы, картинада «Сулико» деген тамаша ән сол себепті өзінің құнын жоғалтып алды.

- Сізге киноальманах жанры ұнай ма?
- Негізі, киноальманах жаңа форма емес, ол әбден ұмыт болған көне дүние: чаплиндік фильмдерді және өткен кеңестік кезеңді еске алыңыз грузиялық қысқаметражды көркем фильмдер альманах түрінде шыққан еді. Сол сияқты «Париж», «Нью-Йорк» туындыларының ізімен «Мәскеу» түсірілді. Енді міне, Астанаға да кезек тиді. Астана қаласының даңқы альманах жанрымен де асқақтайтын болды. «Жүрегім менің Астана!» жобасы продюсерлерінің өндірісінде Бакуде түсірілетін тағы бір киноальманах бар. Бұл форманың тартымды тұсы мұнда бір қаланың өмірін мейлінше әр алуан етіп көрсетуге мүмкіндік беріледі. Әртүрлі хикаялар әртүрлі режиссерлердің көзімен, идея тамаша!

- Қазір бізде жаңа кинолардың барлығына Төлепберген Байсақалов, Дәулет Әбдіғапаров, Әнуар Нұрпейісов, Қарлығаш Мұхамеджанова сияқты актерлар ғана түсетін болды. Бұл «құбылысты» қалай түсіндіруге болады?
- Өкінішке қарай, жас та, кәсіби актерлер табу біздің басымыздағы бейнет. Ресейдегідей немесе Америкадағыдай таңдау жоқ. Біз талантты ғана емес, қандай да бір түсірілімдерден тәжірибесі бар балаларды жинауға мәжбүрміз. Отандық кинода осындай бітімгершілік амал ғана құтқарып жүр. Қазір тап сол тәжірибелі, біраз жасқа келген, кәсіби актерлердің арқасында жарқын бейнелер жасалып жатыр, біз оларды жұмылдырсақ, фильмді діттеген жеріне жеткізіп, алып шығып жүрген солар.

- Қазақстандық кинода нендей мәселелерге көңіл аудару керек деп ойлайсыз?
- Бізде талантты жастар көп, бірақ кинематография дегенді хобби емес, мамандық деп түсінетіндер жоқтың қасы. Бұл мамандықты меңгерген аға буын шеберлердің қасында жастарымыздың білімі мен жұмыс тәжірибесі жетпей жатады. Әркім өз кәсібін сол саланың әліпбиінен бастап білуі керек. Осындай кемшіліктің салдарынан болар, кейбір отандық фильмдерді қарау мүмкін емес. Біздің сериалдарға ішімнен таңғаламын тура бір дилетанттар шеруі дерсің! Әдемі қыз-жігіттер қылмыңдап актер ретінде көрінгісі келіп жатады, барын салып бағады, бірақ адам сөйлемейтін тілде сөйлеп жатады. Ең бастысы, өздері не айтып жатқандарын түсінсе игі! Негізінде, кинематография кәсібінде талант, бақ пен ниетке қоса, жоғары білімді де меңгерген дұрыс. Америкадағы екі айлық іс-тәжірибемен бұл кәсіпті меңгеру мүмкін емес. Неге екені белгісіз, қазір екінің бірі дағды мен білімсіз-ақ продюсер немесе режиссер, суретші немесе оператор болуға ұмтылатынды шығарды. Актер болуды да солай оңай көреді. Басқасы басқа, актерлік, бұл, ең алдымен мамандық! Ресей мұндай кезеңді, оның салдарын шамамен 90 жылдары бастан өткеріп кетті. Біз сондай шығармашылық дағдарыстың болғанын көре тұрып, соған әдейі жол беріп отырмыз.

- Қазақ киносы «Оскар» алуы үшін не істеген жөн деп ойлайсыз?
- Мен ешқашан бұл туралы ойламаппын. Кейбіреулер үшін халықаралық байқауларға фильм жолдау бедел, әрі маңызды нәрсе болуы мүмкін. Шынымды айтсам, тіпті, маған «Оскарға» талпынудың өзі ұнамайды. Бұл дұрыс емес те. Әлемде кинематографиялық сыйлықтардың санында шек жоқ және бірқатар адамдар үшін бұл ойдан кетпейтін идея, ал мен бұған мүлдем бас қатырмайды екенмін. Мен кез келген адамды шынымен толғандыратын мәселелерге құрылған картиналарды ғана түсіргенді қалаймын. Егер менің сол фильмдерім қандай да бір сыйлық алып жатса, әрине қуанамын. Бірақ сол сыйлық алу үшін мақсатты түрде жұмыс істеу немесе сәнге айналған құбылыстарды ескеріп, кино түсіру менің әдетім емес. Сол себепті «Оскар» алуды тіпті қажет нәрсе деп есептемеймін.

- Дегенмен бізде фестивальге арналған фильмдер жөнінен жетістік көп. Фестиваль үшін қысқаметражды кино түсірудің артықшылығы мен кемшілігі неде?
- Киноны өзің және көрермендерің үшін түсіру қажет. Мұнымен қоса, түсірілімдерге мейлінше кәсіби тұрғыдан қараған дұрыс. Көркем дүниені шын жүрегіңмен жасауың керек. Қолды қусыра салмай, бастаған істі аяғына жеткізу керек әрине, қиындықтар, күрделі жағдайлар болады, олармен күресу қажет. Картина әрқашан аяқталуы тиіс! Міне, сондай картина шынымен жақсы дүние болып шығып жатса, оны кәсіби кинематографистерден тұратын қазылар міндетті түрде байқайды, оны көпшілік көре біледі, сезе біледі.

Сұхбаттасқан: Болат Мұхтар

Сурет: Нұрғиса Елеубеков

A. Mustafina