Биылғы Канн фестивалі аты аңызға айналған Клаудия Кардиналеге арналады

Биылғы  Канн фестивалі аты аңызға айналған Клаудия Кардиналеге арналады
Фото: vk.com

70-Канн кинофестивалінің ресми постері жарияланды. Онда аты аңызға айналған италиялық актриса Клаудия Кардиналенің суреті бейнеленген.

«Фестиваль шаттық, еркіндік пен батылдықты дәріптейді. Ол постердегі Клаудияның биіндей есте қаларлық болады деп сенеміз. Фестиваль – нағыз мереке », – дейді ұйымдастырушылар.

Естеріңізге сала кетейік, Клаудия Кардинале – белгілі италиялық актриса. Ол “Фицкарральдо”, “Сегіз жарым” сияқты көптеген кинокартинада ойнаған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 70-Канн кинофестивалін  авантюрист-актриса, еркін тұлға мен қоғам белсендісі Клаудия Кардиналеге арнаудан артық лайықты шешім болмапты.

«70-Канн фестивалінің маған арналатынына қуанышым шексіз! Постерге таңдалған суретте 1959 жылы Римдегі үйлердің бірінің шатырында билеп жүрмін. Фотограф кім екенін ешкім білмейді. Менің де есімде жоқ. Сурет менің өткенімді есіме салады. Ол кезде мен әлемдегі ең атақты кинозалдың баспаларымен ақырын басып, шыңға шығамын деп ойламадым. Туған күніңмен, Канн кинофестивалі!", - деді жетпістің сегізінші белесін бағындырған актриса.

Фестивальдің ашылу және жабылу салтанатын Моника Беллуччи жүргізеді. Ал қазылар қатарын авторлық фильм шебері Педро Альмодовар бастайды.

Канн кинофестивалі 2017 жылдың 17 мамырында басталып, 28 мамырында аяқталады деп жоспарланып отыр.

А. Оралқызы