"Оскар" сыйлығының иегерлері анықталды

"Оскар" сыйлығының иегерлері анықталды
Фото: http://oscar.go.com/

Бүгін Лос-Анджелестегі "Долби" театрында "Оскар" сыйлығының 89-шы марапаттау рәсімі өтті. Танымал комик Джимми Киммел жүргізген қызыққа толы шарада кино өнеріне қосқан үлесі үшін бірқатар өнерпазға алғыс айтылып, көпшіліктің арманы болған мүсінше табысталды. Сонымен, олардың тізімімен таныс болыңыздар.

Екінші пландағы үздік актер (Actor in a Supporting Role) – бұл санатта режиссер Барри Дженкинстің "Айдың жарығы" ("Moonlight") атты туындысында Хуан атты кейіпкердің рөлін сомдаған Махершала Али үздік атанды.

Үздік грим мен шаш үлгілері (Makeup and Hairstyling) – бұл санатта режиссер Дэфид Эйрдің "Жанкештілер жасағы" ("Suicide Squad") туындысы жеңіске жетті.

Костюмнің үздік дизайны (Costume Design) – бұл санатта "Таңғажайып мақұлықтар мен олардың мекендері" ("Fantastic Beasts and Where to Find Them") фильмі үздік деп танылды.

Үздік деректі фильм (Documentary Feature) – бұл санатта 7 сағат 47 минутқа созылатын "Оскарға" ұсынылған ең ұзақ туынды – "О.Джэй: Америкада жасалған" ("O.J.: Made in America") фильмі жеңімпаз атанды.

Үздік дыбыс (Sound Editing) – бұл санатта Дени Вильневтің "Келу" ("Arrival") фильмі үздік болды.

Дыбыстың үздік үйлестірілуі (Soudn Mixing) – бұл санатта Мэл Гибсонның "Жонарқам қажалғанша" ("Hacksaw Ridge") туындысы жеңімпаз атанды. Бір қызығы, туындының дыбыс режиссері Кевин О’Коннел "Оскарға" 21 рет ұсынылса да, айтылған сыйлықты алғаш рет алып отыр.

Екінші пландағы үздік актриса (Actress in a Supporting Role) – бұл санатты актер әрі режиссер Дэнзел Вашингтонның "Шарбақ" ("Fences") фильмінде Роуз Максонның рөлін сомдаған Виола Дэфис жеңіп алды.

Шет тіліндегі үздік фильм (Foreign Language Film) – Сатыбалды Нарымбетовтің "Аманатына" бұйырмаған бұл санаттың мүсіншесін Иран мен Францияның бірлесе түсірген "Сауда агенті" ("Forushande") туындысы алды.

Үздік қысқаметражды анимациялық фильм (Animated Short Film) – бұл санатта "Pixar" студиясының "Құмдауық" атты туындысы жеңіске жетті. Теңіз жағасын мекендейтін құмдауық құсының балапаны жайлы қызықты туындыны "Массагет ТВ" айдарынан көре аласыздар.

Үздік анимациялық фильм (Animated Feature Film) – бұл санатта "Disney" студиясының "Зоотопия" ("Zootopia") анимациялық фильмі жеңімпаз деп танылды.

Үздік суретші (Production Design) – бұл санатта өнерпаз Дэфид Уосконың "Ла-Ла Ленд" ("La La Land") туындысындағы жұмысы үздік деп бағаланды.

Үздік спецэффектілер (Visual Effects) – бұл санатта Джон Фавроның "Джунгли кітабы" ("The Jungle Book") фильмі жеңімпаз болды. Аталған туындыны қазақ тілінде көреміз десеңіз, сілтемеге өтіңіз.

Үздік монтаж (Film Editing) – бұл санатта шынайы оқиғаға негізделген "Жонарқам қажалғанша" ("Hacksaw Ridge") туындысы үздік деп танылды.

Үздік қысқаметражды деректі фильм (Documentary Short Subject) – бұл санат бойынша берілетін мүсіншені Орландо фон Айнсидель "Ақ дулығалар" ("The White Helmets") атты туындысы жеңіп алды.

Үздік қысқаметражды фильм (Live Action Short Film) – бұл санатта мажарстандық режиссер Кристоф Дэктің "Ән сал" ("Mindenki") фильмі жеңіске жетті. 

Үздік операторлық жұмыс (Cinematography) – бұл санатта "Ла-Ла Ленд" фильмінің операторы Линус Сандгрен жеңіске жетті.

Үздік саундтрек (Original Score) – бұл санатта да "Ла-Ла Ленд" үздік атанды. Мюзикл жанрында түсірілген "Ла-Ла Лендтің" саундтрегі расында ғажап!

Үздік ән (Original Song) – бұл санатта кім жеңді деп ойлайсыз? Тағы да "Ла-Ла Ленд"! Айтылған фильмдегі "City of Stars" әнін тауып, тыңдап көріңіздер. Тыңдаған жанды еліртіп әкететін туынды.

Үздік сценарий (Original Screenplay) – бұл санаттың мүсіншесі режиссер әрі сценарист Кеннет Лонерганның "Теңіз жағасындағы Манчестер" ("Manchester by the Sea") фильміне бұйырды.

Үздік бейімделген сценарий (Adapted Screenplay) – бұл санатта Барри Дженкинстің "Айдың жарығы" фильмі жеңіске жетті. "Тағдырды таңдамайды", - деген тіркесті ұран етіп алған бұл туынды драма жанрында түсірілген.

Үздік режиссер (Directing) – бұл санатта "Ла-Ла Ленд" фильміне режиссерлік еткен Дэмьен Шазелл жеңімпаз атанды. Айта кетерлігі, Дэмьен бұл аталымда үздік деп танылған ең жас режиссер. Оған дейін 32 жасында еш режиссер "Оскарды" алмаған.

Басты рөлдегі үздік актер (Actor in a Leading Role) – бұл санатта "Теңіз жағасындағы Манчестер" фильмінде Ли Чендлердің рөлін сомдаған Кейси Аффлек жеңіске жетті. Тегінен байқағандарыңыздай, ол Бэн Аффлектің інісі.

Басты рөлдегі үздік актриса (Actrees in a Leading Role) – бұл санатта "Ла-Ла Ленд" фильмінде басты рөлді сомдаған Эмма Стоун үздік деп танылды. "Оскар" мүсіншесін жеңімпазға Леонардо Ди-Каприо табыстады.

Үздік картина (Best Picture) – бұл санатты жеңіп, жылдың үздік фильмі атанған "Айдың жарығы" ("Moonlight") туындысы!

Y. Almabek