"Студент" фильмі 28-Халықаралық кинофестивальге қатысады

"Студент" фильмі 28-Халықаралық кинофестивальге қатысады

Режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Студент» фильмі «Filmmakers of Tomorrow – Fedeora» халықаралық байқауына қатысады. Байқау қыркүйектің 29-ы мен қазанның 8-і аралығында өтетін Израильдің Хайфа қаласындағы 28-Халықаралық кинофестиваль аясында өтетін болады.

1983 жылдан бері Хайфа қаласында өтетін кинофестиваль Израиль еліндегі халықаралық дәрежесі бар бірегей мәдени шара. Бұл кинофестиваль израильдік қана емес, шетелдік кино өнерінің майталмандарының басын қосады. «Filmmakers of Tomorrow – Fedeora» халықаралық байқауына қатысатын фильмдерге Еуропа мен Орта теңіз жағалауындағы мемлекеттерден келген киносыншылар өз бағасын береді. Фестиваль аясында 300-ге жуық жаңа кино туындылар көрсетіледі. Оның ішінде жетпіс кино израильдік кино шеберлерінің өнімі болып табылады. Фестиваль ашылған күні синема-кафелер де өз жұмыстарын бастап, келген қонақтар назарына Чарли Чаплин, Бастер Китон, Жак Тати т.с.с комедиялық әртістер түскен кинофильмдер ұсынылады.

Режиссер Дәрежан Өмірбаев бұл байқауға тұңғыш рет қатыспақшы. Дәрежан Өмірбаев бұл туындысын Торонто, Мәскеу, Канн қалаларында өткен халықаралық кинофестивальдерге қатысып, көрермендердің де көңілінен шығып, киносыншылардың оң бағасын алған. «Студент» фильмінің дүниежүзілік көрсетілім құқығын Германияның Media Luna New Films сатып алған.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: azattyq.org, newskaz.ru

Ғ. Ұзақ