"Аэроплан" ең күлкілі кинофильм деп танылды

"Аэроплан" ең күлкілі кинофильм деп танылды

The Daily Telegraph ақпаратының хабарлауынша, Lovefilm қызметкерлері әлемдегі ең күлкілі кинофильмді анықтамақ ниетте кинолар қорына көз жүгіртіпті. Нәтижесінде күлкілі кинофильм атағына «Аэроплан» ("Airplane!") фильмін лайық деп тапқан. Зерттеу жүргізушілер 1980 жылы жарыққа шығып, кино әлеміне етене таныс болып үлгерген бұл туындының әр жастағы көрерменнің көңілінен шығарына шүбә келтірмейді.

Зерттеу көзі ретінде Lovefilm қызметкерлері он үздік күлкілі кинофильмдерді таңдап алған. Олар үздіктердің ішінен үздігін анықтау үшін әр фильмнің әр минут сайын үздіксіз күлдіруіне мән берген. Осындай белестерден "Аэроплан" сүрінбей алға суырылып шыққан. Бұл фильмді әлі де көрмегендер бар болар. Сенесіз бе, кинофильмді көріп отырып, бір минутта үш рет ішегіңіз қата күледі екенсіз.

Бір минутта үш рет күлдіріп, бірінші орынды "Аэроплан" алып отыр. 

Комедиялық "Аэроплан" лентасы көптеген кинофильмдерді келеке ету мақсатында жарыққа шыққан. Киноның түсіріліміне Джерри Цукер, Дэвид Цукер және Джим Абрахамс сынды киногерлер ат салысқан. Сонымен қатар, олар үшеуі осы туындының сценарийін де бірігіп жазған. Кинофильм жарыққа шығысымен-ақ, бірден аса көп сұранысқа ие болып, авторлардың қалтасын қалыңдатқан болатын. Қаражаттың көзін көрген олар екі жыл өткен соң, «Аэроплан 2» фильмінің тұсауын кесіп үлгерген.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: аnnyas.com, ew.com

А. Әбілхан