"Елес аулаушылардың" жаңа нұсқасы көруге тұрарлық па?

"Елес аулаушылардың" жаңа нұсқасы көруге тұрарлық па?

Жас ғалымдардың Нью-Йорк қаласын қорқыныштан құтқарып қалғанын баяндайтын 1984 жылы шыққан "Елес аулаушылар" фильмі өз кезінде көпшіліктің ықыласына бөленіп, бірқатар фестивальдарда жүлдегер атанған еді. Туынды, тіпті, сол жылғы кассалық көрсеткіші бойынша АҚШ-та көш бастап, оған арнайы жазылған Рэй Паркердің орындауындағы "Ghostbusters" әні бір емес, бірнеше буын өкілдерінің сүйікті композициясына айналған болатын.

Араға бірнеше жыл салып, фильмнің жалғасы және бірнеше маусымға созылған анимациялық нұсқасы шықты. Бұл туындылар да көрермен тарапынан жақсы қабылданды. Ал XXI ғасырға қадам басып, кино әлемінде бірқатар технологиялық жаңалықтар ашылғаннан кейін әрі XX ғасырда үлкен табысқа ие болған фильмдердің римейктері бірінің артынан бірі қаптап шыққаннан соң жұртшылықта "Елес аулаушылардың" жалғасы шыға ма деген қызығушылық туды. Артынша мұндай сәттерді қалт жібермейтін мұхиттың арғы бетіндегі киногерлер туындының жалғасын түсіруге кірісіп кетті. Әлбетте, "Сапасы жағынан алғашқыға жетпес!" дегенді айтқандар көп болды. Ал фильмде жаңа актерлік құрам ойнайтындығы және кейіпкерлер әйел затынан болатындығы жайлы жаңалық шыққанда, мұндай пікір айтушылардың қатары бірнеше есеге дейін өсті.

Десе де, өндірушілер өз айтқандарынан қайтпай, туындыны түсіруді қолға алды. Танымал фильмнің брендке айналған атауын қолданғаннан бөлек, ойларын жүзеге асыру үшін олар Мелисса МакКарти, Кристен Уиг, Кейт МакКиннон, Лесли Джонс, Крис Хемсворт сынды актерларды шақырып, жобаға режиссерлік етуге Пол Фигті тартқан болатын. Нәтижесінде уәде берген жылдың уәде берген күнінде "Елес аулаушылардың" жаңа нұсқасы жарыққа шықты.

"Қалай болды?", – дерсіз Сіз. Мен туындыны бірнеше сөйлеммен сипаттап көрейін, өйткені одан артық жазсам, бүкіл фильм жайлы айтып қоямын. Ал айтатын дүние аса көп емес. Фильмде бар ғұмырын жалпы қағидаларға сай келмейтін құбылыстарға арнаған бірнеше ғалымның ерлігі баяндалады. Көздерінде от жанған олар өмірдің өздеріне беймәлім тұстарын ашып, жаңа белестерді бағындыру үшін 5 адамнан тұратын жасақ құрып, қара күштер мен елестерге қарсы соғысуға бел буады. Алайда бесеудің ойы оңайлықпен жүзеге аспайды. Өйткені оларға қарсы елестерді адамдарға айдап салушы қатыгез адам, Нью-Йорк қаласының мэрі және жұрттың сенімсіздігі тұрған еді.

Қысқаша айтқанда, туындыда кино әлеміне әкелер еш жаңалық жоқ. Алайда, музыка мен ары-бері "ууууілдеп" ұшып жүрген елестерді көргенде ностальгиялық көңіл-күйдің оянатыны рас.

Y. Almabek