Өзге ғаламда – өзге таным («Жұлдызды жол» фильмі)

Өзге ғаламда – өзге таным («Жұлдызды жол» фильмі)
Фото: wallpapercave.com

Кеше, 20 шілде күні Kinopark 11 Esentai IMAX кинотеатрында «Жұлдызды жол» фильмнің жабық көрсетілімі өтті. Фильм басталысымен, қалың көрермен үлкен экранның ішіне еніп кеткендей болды. Арнайы көзілдірік әсерінен экраннан көрсетілген жазулардың өзі жаныңнан өтіп бара жатқандай көрінді. Бұл да ХХІ ғасырдың жетістігі бір болар.

«Жұлдызды жол» медиафраншизасының 13-фильмі. Фильмді Paramount Pictures компаниясы түсірген. 2015 жылы аталған компания фильмнің 2016 жылы маусым айында жарық көреді деген.

Ғылыми-фантастикалық жанрда түсірілген фильм «Энтерпрайз» ғарыш кемесінің капитаны Джеймс Т.Кирктің әлемнің ашылмаған нүктелерін бағындырғаны туралы.

Экипаж мүшелерінің бір-біріне деген адалдығы, арасындағы бірлік жоғары деңгейде көрініс тапқан. Командир көмекшісі Спок, дәрігер Леонард Маккой, ұшқыш Павел Чехов, байланыс офицері Нийото Ухура және тағы да басқа экипаж мүшелерінің өздеріне табысталған арнайы қызметтері бар, бәрі өз қызметтерін толық әр жүйелі, жауапкершілікпен орындайды.

Кенет өзге ғаламшарлықтар капитаны Кирктің кемесіне шабуыл жасайды. Біреуге көмектесеміз деп жүріп, үлкен қақпанға өздері келіп түскенін кеме капитаны кеш түсінеді. Апатқа ұшыраған кеме экипажының мүшелері жан-жаққа кетеді. Экипаж мүшелерін құтқарып, еліне бірге қайтуды мақсат еткен кеме капитаны барын салады.

Экипаждың бірлігін өзге ғаламшарлықтар олардың кемшілігі деп түсінеді. Досының өміріне қауіп төнгенін біліп, қолындағы байлығын зұлымға бере салғанын көріп, «Сендердің басты кемшіліктерің – бірліктерің» дейді. Әрине, өзге ғаламда – өзге таным.

Зұлым өзге ғаламшарлықтардың арам ойын дер кезінде тоқтатып, бір жамандықтың алдын қалқалаған экипаж келесі жорыққа дайындалып жатыр. 

Г. Берік