«Жаужүрек Ертұғрыл» көрерменге жол тартады

«Жаужүрек Ертұғрыл» көрерменге жол тартады
Фото: vk.com

Кеше, 16 наурыз күні Алматы қаласы Мега Парк орталығындағы кинотеатрда «Жаужүрек Ертұғрыл» атты түрік тарихи телехикаясының арнайы көрсетілімі өтті, деп хабарлайды massaget.kz тілшісі. Көрсетілім басында ұйымдастырушылар келушілерге алғыс білдіріп, тарихи сериалды қазақ экранына шығарудағы мақсатын түсіндірді.

Ұйымдастырушылардың бірі Жұлдыз Искакова түрік ағайындарымыздың сол кездегі бастан кешкендері, түрік жеріндегі крест жорығы, қазақ даласындағы моңғол шапқыншылығы тәрізді тарихи маңыздылығын алға тартты.

«Телехикая тарихи жанрда түсірілген соң, шайқасты эпизодтар көп кездеседі. Бұл эпизодтар халықаралық көлемде танылған еліміздің «Raim Nomad Pro» атты каскадерлік тобының көмегімен түсірілген» деп, ортаға аталған топтың белсенді каскадері Райим Мурадовты шақырды.

Түсірілім ортасында жүрген каскадер бастан өткен қызықты сәттерін айтты. Түрік киноиндустриясына бөлінген қаржы, бастысы көңіл ерекше екенін атап өтті. Әр телехикая үшін бір-бір киім тігетін фирма, қару-жарақ шығаратын фабрика табылатынын айтты.

– Біз осыған дейін «Троя», «Моңғолдар» түсірілімінен мұндай әсер алған емеспіз. Бұл сериал әсері зор болуы қандасымыз болғандықтан,  деп ағынан жарылды, – Осы жылы жазда телехикаяның әртістері Қазақстан жеріне келеді. Оған қоса, «Ертұғрыл» телехикаясының киносы біздің жерімізде түсіріледі.

Кинотеатрда телесериалдың 1-бөлімі көрсетілді. Телехикаядан киіз үй, қазақи ою-өрнектерді байқамау мүмкін емес. Бауырлардың халық қамын ойлауы, ел сақтығы, қандасқа көмек, тасыған күш, сәйгүліктердің шабысы, аңшылық кәсіп, ерге деген сыйластық, ата-анаға деген құрмет осы телехикаядан табылады. «Кеңес – сенікі, аңшылық – менікі» деп, Ертұғрыл елдің жиынын ағасына тапсырса, елдің тоқтығын өз мойнына алады. Осы бір сәттің өзі Махамбеттің:

«Өтемістен туған он едік, 
Онымыз атқа мінгенде, 
Жер қайысқан қол едік!» дегені еріксіз еске оралады. Хикаяның саундтрегі де өте сәтті шыққан. Барлық әртіс рөлін өз деңгейінде сомдай алған.

Каскадерлік топтың еңбегі көрініп-ақ тұрады. Көрсетілім соңында лоторея ойнатылып, қатысушылар естелік суретке түсті.

«Жаужүрек Ертұғрыл» картинасының алғашқы сериясы наурыздың 28 жұлдызында  сағат 22:00 қазақ тілінде  көрсетіледі. Ал орыс тілді аудитория тарихи туындының  тұсаукесерін 29 наурызда сағат 19:00 көре алады.

Г. Берік