Жаңа "Бэтмен" қазақстандық кинопрокатта көшбасшы атанды

Жаңа "Бэтмен" қазақстандық кинопрокатта көшбасшы атанды

"Бэтмен" туралы түсірілген "Белгісіз рыцарь: Аңыздың жаңаруы" фильмі қазақстандық кинопрокатың соңғы уик-эндінде топ жарды. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі "Меломан" компаниясына сілтеме жасай отырып хабарлады.

Кристофер Ноланның бұл картинасы премъералық демалыста 44 миллион теңге шамасында қаржы жинады. Бэтменнің зұлым Бэйнмен күресі сипатталатын фильмде Кристиан Бэйл, Энн Хэтэуэй және Морган Фримен секілді актерлар өнер көрсетті.

Тізімнің екінші сатысында "Бір қадам алға-4" ("Шаг вперед-4") фильмі тұр. Туынды биші болуды армандап бөтен қалаға көшу туралы шешім қабылдаған бизнесменнің қызы туралы. Картина алғашқы уик-эндте 35,6 миллион теңге қаражат жинай алды.

Басты рөлді Адам Сэндлер сомдайтын "Папа-досвидос" 17,8 миллион теңгені қалтасына басып, үшінші орынға табан тіреді. Фильмнің жалпы кассасы  58 миллион теңге. Ал "Жаңа өрмекші адам", "Космополис" фильмдері мен "Батыл жүрек" мультфильмі кассаны 5 миллион теңге шамасына толтырды.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: Meloman