Жуырда «Жаңа қоныс» телехикаясының тұсаукесері өтеді

Жуырда «Жаңа қоныс» телехикаясының тұсаукесері өтеді
Фото: Қазақстан телеарнасының баспасөз қызметі

«Қазақстан» телеарнасы өзінің жаңа хикаяларымен көрермендерді тағы да таңқалдырады. 10 қазан күні телеарнада «Жаңа қоныс» комедиялық ситкомының тұсаукесері өтеді. Телехикаяның негізгі сюжеттік желісі - үлкен қалада пәтер жалдайтын отбасының бастан кешкен қызықты оқиғалары. Хикая кейіпкерлерінің басынан өткен оқиғалар кез келген көрерменге таныс жағдай. Күнделікті тұрмыстағы келіспеушіліктер оң қырынан көрсетіліп, көрермендерге таныс қызықты оқиғалар кез келген жанды күлдірері анық. Кейіпкерлердің образынан көрермендеріміз өздерін көре алады. Хикаяны жасаушылар бас кейіпкерлердің басынан өткен қызықты оқиғалар көпшіліктің көңілінен шығып, хикая көрермендердің жүрегін жаулайды деп үміттенеді.

12 серия барысында біз қарапайым ауылдан үлкен қалаға қоныс аударған Мырзахановтар отбасы мүшелерінің әрекеттерін бақылаймыз.

Отбасылық қаражаттары өздеріне жеке пәтер сатып алуға жетпегендіктен, олар уақытша пәтерді жалдап тұруға шешім қабылдайды. Хикая барысында Мырзахановтар түрлі қаржылық қиындыққа ұшырап, пәтерді жалға алу ұзаққа созылса, өз пәтерін сатып алу туралы асқақ арман жыл сайын алыстай түседі. Нәтижесінде қалада олар тұрмаған аудан қалмайды.

Мырзахановтарға туған ауылға қайта көшіп, шаруашылықпен айналысып, табысқа кенелуге де болар еді. Қаланың көптеген қиындықтарына қарамастан, оған намыстары жібермейді. Еңбек терімен тапқан-таянғанын пәтер иесіне береді. Қаладағы тұрмыстарын жалғастырып, өз шаңырақтарына қол жеткізуді армандайды.

Хикаяның эпизодтары «ұсақ тұрмыстық мәселелерді» жеңіл әрі күлкімен қабылдауға мүмкіндік береді.

«Жаңа қоныс» хикаясының қоюшы-режиссері - Жеңісхан Момышев, продюсері – Дастан Қалдыбаев. Бұл шығармашылық топтың еншісінде «Тойбастар», «Түнгі студия» («Қазақстан»), «Шатақхана» («Хабар»), «Қызықстан» («Еларна»), «Әзіл-Студио», «Қазақша концерт», «Ризамын» («31 канал») және тағы басқа жобалар бар.

Сондай-ақ, актерлердің де жұлдызды құрамасын атап өткен жөн: Қуандық Шәкіржанов, Бақыт Әліпбаева, Жұлдыз Маханова, Нұрсұлтан Жақсыгенов, Дастан Қалдыбаев және Саягүл Оразғалиева.

10 қазан күні «Қазақстан» телеарнасында жаңа комедиялық телехикаяны өткізіп алмаңыздар! Көтеріңкі көңіл-күйді әр сенбі күні сағат 14.35-те сыйлайтын боламыз!

Қ. Бүйенбай