Қазақ жігіті ағылшынның Instagram туралы фильміне түсуге шақырту алды

Қазақ жігіті ағылшынның Instagram туралы фильміне түсуге шақырту алды
Фото: Димаш Әділетттің вк желісінен

Алматылық Димаш Әділет ұлыбританиялық деректі фильмге түсуге шақырту алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі baq.kz ақпараттық порталына сілтеме жасай отырып.

Кинотуындының желісі Instagram желісіне ерекше суреттер жүктеу арқылы танымал болған адамдар жайлы болмақ. Олардың тізіміне 60 мың фолловері бар қазақстандық та кірді.

Instagram желісіне Димаш үш жыл бұрын тіркелген екен. Ол негізінен күнделікті өмірде түскен суреттерін жариялап, қызықтарымен бөлісіп отырады.

"Мен Instagram желісінде өздігімнен танымал болдым. Мен онда түрлі сәттерде түскен суреттерімді жүктеп отырдым. Танымал болуды армандамағанмын. Instagram менің өмірімнің құжаты сияқты болды. Уақыт өткен сайын маған жазылушылар санының белсенді түрде артып келе жатқанын аңғардым. Осыдан кейін мен мұны басқа да мақсаттарға пайдалана алатынымды білдім", - деді ол.

Қазір Димаш Швейцарияда білім алып жатыр. Сондықтан да оған жазылушылардың ішінде ағылшын тілінде сөйлейтіндер өте көп. Ол посттарын ағылшын және орыс тілдерінде жазады.

"Жарты жыл бұрын мен посттарымның форматын өзгерттім. Суреттерден басқа түрлі тақырыпта кішігірім әңгімелер жаза бастадым. Өз танымалдылығымды кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай нәрсе жасауға пайдаланғым келді. Мен жастарымыздың мәдениетті, білімді және рухани мықты болуларын қалаймын", - деді ол.

Қ. Бүйенбай