Махаббат машақаты

Махаббат машақаты
Фото: ovideo.ru/film

28 шілде күні Meloman компаниясының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы Мега Парк орталығындағы кинотеатрда франция мен бельгия елдері бірігіп түсірген «Махаббат машақаты» ("Любовь вразнос») фильмінің жабық көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Араға біраз уақыт салып Meloman компаниясы кезекті туындысымен қуантты. Әдетте көкейге ой салып, жаңа технология мүмкіндіктерін жарнамалаған жасанды сана туралы фильмдерді көрсететін. Бұл жолы комедия жанрындағы қарапайым туындыны тамашаладық. Франция десе, кербез мінезді қыздар, әсемдік, тәтті тағамдар, махаббат сезімі есімізге түседі. Кезекті туынды да махаббат туралы болды.

Бір көріп, көңіл көтеруге лайық фильм деп бағалаймыз. Арасында көптің көңілінен шыға қоймайтын тұстары да жоқ емес.

Ерлі-зайыптының махаббаты, адалдық, достық, ғашықтық сезімі, мансапқа құмарлық, сатқындық, жалғыздық, екіжүзділік сынды ықылым замандардан бері өзектілігін жоғалтпай келе жатқан тақырыптар фильмге арқау болды. Қазақы тәрбиемізге жат көріністер болмаса, барлық ұлттың басында бар мәселені көтерді.

Оқиға екі жастың жаңа жылды қарсы алуынан басталады. Қыз жігіт компьютерден бас алмай сабағын қарап отырған кезде жанына келіп, бөлмесінің астаң-кестеңін шығарады. Кітаптары мен дәптерлерін лақтырып, ең құнды затын алып қашады. Артынша екеуі бір-бірін қуалап жүріп, «жарты әлемді» шарлап шығады.

Бұдан кейінгі көрініс ерлі-зайыптының ажырасу туралы шешім қабылдауымен жалғасады. Жақын достарының үйінде отырып, ажырасатындықтарын байқаусызда айтып қояды. Олардың ойынша, жасандылық танытып, жоқ махаббатты бар қылып, екіжүзділік танытудан асқан сорақылық жоқ. Достары «Сендердің дәл осылай ажырасып жатқандарыңа біз қатты қызығып тұрмыз» дейді.

Ажырасу туралы шешімдерін балаларына айтуға қиналады. «Мен емес, сен айт» деп бір-бірлеріне сілтейді. Ал өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер үшін бұдан асқан бақытсыздық жоқ.

«Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді» демекші, бұл отбасындағы от анасы мансап жолын қуады. Өзін жеке тұлға ретінде қалыптастырып, ойына алғанын жүзеге асыруға ұмтылады. Ажырасу туралы шешім қабылдаған соң да, бойын қызғаныш билеп, екі түрлі ойдың жетегінде жүреді.

Фильмдегі ерлі-зайыптының қарым-қатынасын түсіну өте қиын. Себебі бір-бірін ұстап қалу үшін немесе босату үшін әрекет жасамайды. Қалағандарын жасаса да өз еріктері. Құдды жұмыстағы әріптестер немесе бизнестегі серіктестер секілді.

Екеуі де жұмыстан шетелге жолдама алады. Бірақ балаларды бөліске қалай саларларын білмейді. Әдетте ата-аналар балаларын өзіне алып қалуға тырысатын. Бұл жерде керісінше олардан құтылуға асығады. «Балаларым мені таңдамаса екен» деп қорқып жүреді. Өздерін жеккөрінішті етіп көрсету үшін оларға қол көтеруге дейін барады. Оңтайлы сәтті күтіп, бір-бірін аяқтан шалады.

Балалар жас болғандықтан, жауапкершілікті мойындарына алуға қорқады. Ата-аналарын қайта табыстыруға тырысып, оларға суреттер көрсетеді. Осылайша бала кезден жанжалдасып, қырқысып өскен балалар бірігеді. Ата-аналарына қарсы шығып, үйден кетіп қалады. Бәрі жоқ кезде үй өртеніп кетеді. Мұның барлығы өмірді жаңа парақтан бастау керек дегенді білдірсе керек.

Ақылына бағынуды қойған ерлі-зайыпты әбден шаршайды. Соңында қайта табысады. Махаббат пен сыйластықтың құнын, қадірін сезіну үшін осыншама қиындықтан өтеді. Отбасылары жаңа адаммен толығады.

Бұл оқиға – жастық шақтағы махаббаттың отбасылық өмірде сыйластыққа ұласуы тиіс екенін, бірінші кезекте балаларды ойлау керектігін дәлелдеді.

Рецензиямызды оқып, фильм мелодрама жанрындағы туынды болар деп ойлайтын шығарсыз. Алайда бұл – комедия. Комедия жанры ащы шындықты жеңіл әзілмен жеткізе алатындығымен құнды. Ия, біздің менталитемізге жат дүниелер көрініс тапқаны рас. Біздің көргеніміз – фильм, оның режиссері – қарапайым адам. Сондықтан оның бағасын өздеріңіз бере жатарсыздар.

Қ. Бүйенбай