"Жаужүрек мың бала" фильмінің DVD нұсқасы жарық көрді

"Жаужүрек мың бала" фильмінің DVD нұсқасы жарық көрді

Қазақ кино тарихына үлкен серпіліс әкелген белгілі режиссер Ақан Сатаевтың "Жаужүрек мың бала" тарихи-шытырман оқиғалы фильмінің DVD нұсқасының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесер шарасында фильмде басты рөлдерді сомдаған жас өнерпаздар Құралай Анарбекова (Қорлан), Аян Өтепберген (Таймас), жақында ғана «Бауыржан Момышұлы» төсбелгісімен марапатталған Асылхан Төлепов (Сартай) және Артур Төлепов (Ілияс) бой көрсетті. Ал Сартайдың ғашығы Зере рөлін сомдаған актриса Әлия Әнуарбек (Телебарисова) шараға онлайн-конференция арқылы қатысты.

Көпшіліктің көзайымына айналған жас актерлер тұсаукесерге жиналған қауымның сұрақтарына жауап беріп, №1 Балалар үйінен келген жеткіншектерге DVD-диск тарту етті. Сондай-ақ, актерлер түсірілім кезінде болған қызықты оқиғалармен бөлісіп, қолтаңба берді.

«Фильм кинотеатрларда көрсетілуде. Жақында Астана мерекесінің қарсаңында жергілікті арналардан көрсетілді. Өкінішке орай, фильмді тамашалай алмаған жандар жетерлік. Әсіресе, шалғайда жатқан ауыл-аймақ тұрғындары фильмді көре алмай жүр. Енді олардың фильмнің DVD нұсқасын көре алады» деді Асылхан Төлепов.

Көпшілікпен онлайн байланысқа шыққан Әлия Әнуарбек (Телебарисова) өз ойын былай деп өрбітті:

«Қазіргі таңда Лос-Анджелес қаласында кәсіби біліктілігімді арттыру мақсатымен білім алудамын. Фильмнің тұсаукесерінде мен болған жоқпын. Сондықтан да бәрінен кеш мен көрдім. Өкінішке орай, менімен бірге оқып жатқан жас актерлер «Жаужүрек Мың бала» фильмін естісе де, көре алмай жүр. DVD нұсқасының шыққанына өте қуаныштымын, енді мен фильмді олармен бірге көретін боламын. Ал фильмді көрген я көретін жандарға айтарым, киноны тұщына тамашалауларыңызға тілестеспін. Біздің жасаған еңбегіміз сіздердің көңілдеріңіз шығып, бұғанасы қатпаған жастарға үлкен үлгі болатынына сенім білдіремін»


Естеріңізге сала кетсек, 2012 жылдың 3 мамырында көрермендерге жол тартқан фильм алғашқы көрсетілімнен кейін екі апта ішінде 2 миллион долларға жуық қаржы жинаған. Ал 17 мамырда Канн кинофестивалі аясында өткен кинонарықта фильм көрсетіліп, оны әлемдік прокатқа шығару мақсатында оны канадалық «108 Media» компания сатып алған.

«Жаужүрек Мың бала» фильмінің DVD нұсқасы ҚР аумағында орналасқан «Меломан» дүкендер желісінде сатылымға түсті. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген DVD нұсқаның жалпы тиражы 5000 дана. Алдағы күндері сұраныс болып жатса, таралым тиражы артпақ.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: Владимир Дмитриев, Ғазиза Ұзақ (с)

Ғ. Ұзақ