Disney көрермендері Муланмен қайта қауышады

Disney көрермендері Муланмен қайта қауышады

Disney студиясы «Күлбике» фильмінен кейін арқаны кеңге салған жоқ. Керісінше, жаңа белестерді бағындыру үшін дамылсыз ізденуде. Бұл компания ендігі кезекте «Мулан» мультфильмін live-action форматымен (мультфильм кейіпкерлерін әртістер сомдайтын нұсқа) дайындап жатыр.

Мультфильм алғаш 1998 жылы 19 маусымда жарияланған. Ол ер адамның әскери киімін киіп, қарт әкесінің орнына Отан қорғауға аттанған Мулан есімді бойжеткен туралы. Мушу атты айдаһардың көмегімен Мулан тәжірибелі жауынгер, өз халқының қорғаны атанған. Негізінен, мультфильм «Хуа Мулан туралы ән» атты қытай поэмасының желісімен түсірілген екен. Бұл мультфильм Disney-дің сол кездегі отыз алтыншы туындысы саналады.

Тони Бэнкрофт пен Бэрри Кук түсірген бұл мультфильм 300 миллион АҚШ доллары көлемінде қор жинаған.  Оған қоса, «Оскар», «Алтын глобус» сыйлықтарына ие болған. «Муланның» бұл жолғы сценарийін Лорен Хайнек пен Элизабет Мартин жазған. Ал мультфильмнің продюссерлік қызметіне Крис Бендер мен Дж. С. Спинк жауапты. 

Естеріңізге сала кетсек, Disney Эмма Уотсонмен бірге «Ару қыз бен құбыжық» (түпнұсқасы: «Beauty and the Beast», орысшасы: «Красавица и чудовище»), Тим Бертонның «Дамбо» (түпнұсқасы: «Dumbo», орысшасы: «Дамбо»), Джон Фавроның «Джунгли кітабы» (түпнұсқасы: «Тhe Jungle Book», орысшасы: «Книга джунглей») атты фильмдерін қайта дайындау үстінде. 

Сурет: outnow.ch, photo3.ask.fm, lh6.googleusercontent.com, multikino.com

Е. Жұмабайұлы