"Америкалықтарша тонау" фильмі көрермендерге жол тартты

"Америкалықтарша тонау" фильмі көрермендерге жол тартты

20 қаңтар күні Меломан компаниясы мен Kinopark 11 кинотеатрының бірігуімен «Америкалықтарша тонау» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Фильм Сарик Андреасянның жетекшілігімен түсірілді. Басты рөлдерде Хейден Кристенсен, Эдриан Броуди, Джордана Брюстер, Эйкон, Тори Киттлздер ойнайды.

Джеймс атты жігіт жаңа өмір бастағалы аз уақыт өтті. Жаңа жұмыс тауып, жаңа мақсат қойған Джеймс өзінің бұрынғы ғашығын кездестіреді. Дәл сол уақытта оның жалғыз бауыры абақтыдан шығады. Осы сәтте бәрі өзгереді...

Джеймс бұрынғы әдетіне қайта салынған ағасына ақыл айтуға тырысады.

Фильм драма, боевик, триллер жанрында түсірілді. Мұнда махаббат, сүйіспеншілік, бауырмалдық, реніш суреттеледі. 

Фильм жетекшісінің басты мақсаты – көрерменді таңғалдыру. Режиссер өз дегеніне жетті деген ойдамын.

Алайда, кемшіліктер де жоқ емес.

Біріншіден, тонауды ұйымдастыратын кейіпкерлерді нағыз профессионал, жауыз етіп бейнелеген. Алайда, әрекетке келгенде олар біраз қателіктер жасайды.

Екіншіден, сценарий толық ойластырылмаған секілді. Себебі, кейбір жерлерде кемшіліктер айқын көрінеді. Тұлғаларға, актерлік ойынға қарап осындай тұжырым жасауға тура келеді.

Үшіншіден, кез келген «криминал» жанрында түсірілетін фильмнің белгілі бір ұстанымдары бар. Әдетте, банк тонау алдында ұрылар бір емес бірнеше жоспар ұйымдастырады. Бұл туындыда әйгілі «Б планы» атымен жоқ.

Бұларды ескермесек, фильм жақсы деңгейде түсірілген деуге болады.

Бізге «Форсаж» медиафраншизасынан таныс Джордана Брюстер рөлді жақсы алып шықты. Криминал, боевик жанрындағы фильмдерде өз орнын тапқан актрисаның дәл осы туындыға таңдалғаны дұрыс деп ойлаймын.

Фильмнің басты идеясы криминалда емес, драмада жатқан секілді. Бауырмалдық, ағалық қарым-қатынас, сатқындық секілді мәселелер көрерменді уайымдатып та, толқытып та отырады.

Әдетте, қыздар боевик жанрындағы фильмдерді көрмейді. Бірақ, бұл туынды аруларға да ұнайды деген ойдамын.

Фильм 18 жасқа толған азаматтарға арналған.

Сурет: hdmovietrailers.eu

Оқи отырыңыз:

"Жабайы оқиғалар" фильмі жайлы бірер сөз

Бұл − әдеттегі ертегі емес

"Перизаттар: құбыжық туралы аңыз" анимациялық фильмі туралы

"Сәбина келін" фильмі туралы

Ф. Абилова