"Перизаттар: құбыжық туралы аңыз" анимациялық фильмі көруге тұрарлық па?

"Перизаттар: құбыжық туралы аңыз" анимациялық фильмі көруге тұрарлық па?

Бүгін Алматы қаласындағы "Mega Park" сауда орталығында орналасқан Сhaplin Cinemas кинотеатрында "Перизаттар: құбыжық туралы аңыз" атты мультфильмінің алғашқы көрсетілімі өтті, ­– деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Mеломан компаниясы Сhaplin Cinemas кинотеатрымен бірігіп 15 желтоқсан күні "Перизаттар: құбыжық туралы аңыз" анимациялық фильмінің алғашқы көрсетілімін ұйымдастырды.

Мультфильм көрмейтін жан бар ма? Әрине жоқ. Сондай-ақ мультфильмдерді тек балалар емес, ересектер де сүйіп көреді. Сондықтан режиссер, сценарист, монтажер сияқты киноиндустриясының мамандары анимациялық туынды жасауда сапалы, қызықты және есте қаларлық етуге барын салады. Мұндай туындылардың бірі – Диснейлік «Перизаттар: құбыжық туралы аңыз» мультфильмі.

Бұл анимациялық ертегінің оқиға желісіне келер болсақ, басты кейіпкер – Фауна атты мейірбан, ақкөңіл перизат. Ол үнемі көмекке мұқтаж жануарларға қол ұшын беруге тырысады. Бұл жолы да ол өзінің қасиетінің салдарынан жаңа оқиғаға тап болады. Екінші бас кейіпкер – Граф атты құбыжық.

Фаунаның әрекетіне «көз – қорқақ, қол – батыр» мәтелі сәйкес келеді. Қанша жерден бейтаныс құбыжықтан қорықса да, оның көмекке зәру екендігі үшін қашып кете алмайды. Қулықпен оған көмектесіп, қасынан қалмай, оны зерттеуді бастайды. Бұл екеуінің достығы осы жерден басталады.

Әрбір кинотуындыда жағымсыз кейіпкер болады. Және ол сюжет желісінде үнемі бір әрекет етуде. Бұл мультфильмде нағыз жағымсыз кейіпкер жоқ. Алайда Фаунаның пікірі мен әрекетіне қарсы бір топ перизаттар бар. Олар - перизаттар елінің әскері десе де болады. Никс атты перизат басқаратын бұл топ Графты ұстап, көзін құртуды жоспарлайды.

Өз басыма мультфильм өте ұнады. Тіпті, әсерлі екенін де атап өту қажет. Шыны керек, көрсетілім барысында көзіме жас 3 мәрте келген еді. Мейірімді, әсерлі, күлкілі, сонымен қатар шынайы өмірдің де ізі бар десем қателеспеймін. Оқиға ертегі жанрында суреттелгенімен, ондағы «ертегілік» тек кейіпкерлерінде. Ал жағдай, кейіпкер образдары, идея мен мақсат – шынайы өмірден алынған. Бұған мультфильмді көрген соң көз жеткізесіз.

Фильмнің трейлері:

Перизаттардың оқиғасын 18 желтоқсаннан бастап еліміздің кинотеатрларынан көре аласыздар. Бала болсын, ересек адам болсын бұл мультфильмді ұнататыны сөзсіз.

Сурет: movieforkids.it

Оқи отырыңыздар:

"Сәбина келін" фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті

«Ақымақтың күні» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті

Қыздарға арналған фильмдер

Арнайы Massaget.kz үшін

Ф. Абилова