Гарри Поттер туралы жаңа фильм түсіріледі

Гарри Поттер туралы жаңа фильм түсіріледі

Роулинг кітаптарының соңы бейбіт өмірмен өз мәресіне жеткені Поттердің фанаттарына жеткілікті болмаған көрінеді. Гарри Поттердің сиқырлы сюжетін жалғастырғысы келетін Манчестер Университетінің студенттері жоба құрып, жаңа фильмге қаржы жинауды бастап жіберді, деп жазады BBC.

Студенттер қараша айының соңына дейін £40,000 қаржы жинауды жоспарлап жатыр. Жеті кітаптан тұратын Поттер әлемінің жалғасы іспеттес болатын фильм «Mudblood and The Book of Spells» атауына ие болыпты.

Көпті қызықтыра бастаған фильмнің сюжеті Гарри Поттер түлегі атанған Хогвартс сиқыршылар мектебінен шығарылған сиқыршы туралы болмақ. Чарли есімді сиқыршы оқудан кеткеннен кейін маглдардың қоғамында күн кешеді. Кейіннен бүкіл сиқыршылар қоғамын тізе бүктіре алатын белгісіз күштің бар екенін біліп, соны іздеумен болады.

Кэмерон Кэйрндафф есімді медиа жоғары мектебінің студенті идеяны жүзеге асыру мақсатында сценарийін де жазып шықты. Сценарий Гарри Поттердің фанаттары бас қосатын Pottermore және Mugglenet атты форумдардағы түрлі талдаудың нәтижесі бойынша жазылған. Фильмді түсіруге шын беріле кірісе бастаған сценарист жобаға қатысты Джоан Роулингке ресми хат жолдағанын айтады. Дегенмен, бестселлер авторы хатқа жауап жазуды ұйғармаған көрінеді.

Ол бестселлер британдық жазушыға тиесілі болғанымен, кітаптың желісі бойынша түсірілген фильмдер америкалық мамандардың еншісінде қалғандықтан, отандық фильм түсіруді ойлайды. Ғаламторда жарияланған ақпараттарға орай, Чарли есімді кейіпкерді белгілі актер Бреттен Лорд сомдайтын болады.

Бреттен Лорд, ағылшын актері

Фильмге кастинг жарияланып, актерлар саралану үстінде. Ал жалпы түсірілімнің басталуы келесі жылдың қаңтар айына жоспарланып жатыр. Фильмнің барысы қаржының көлеміне қарай 30 минуттан аспайтын болады. Егер жоба өз межесінде іске асырылатын болса, фильмнің тұсаукесері 2015 жылдың соңына қарай өтетін болады.

 Сурет: www.bbc.com

Ж. Өрісбай