"Кемпір" мен шалдың махаббаты

"Кемпір" мен шалдың махаббаты

Атышулы режиссер Ермек Тұрсынов қазақ көрермендерінің сүйікті актерлерін жұптастырып, «Кемпір» атты комедиясын жұртшылық назарына ұсынды. Фильмнің режиссері де, сценарисі де өзі болған Ермек Тұрсынов: «Мен сценариді кемпір Күлпәштің рөлін Ғазиза Әбдінәбиева ойнайды деп елестетіп отырып жаздым», - дейді, ал кемпірдің шалы Қортық Қайырғалиді сүйікті актерлеріміздің бірі Қадірбек Демесінов сомдады. Ол да фильмге кастингсіз қабылданып, бірден бекітілген екен.


Ермек Тұрсыновтың шығармашылығын бақылап жүрген адам, оның әр туындысында адамның шынайы болмысын, жалпы шынайы өмірді көрсеткісі келетінін аңғарса керек. Ұсынып отырған «Кемпір» комедиясында да аузын кәлимаға келтіріп, немерелерін айналасына жиып алып, даналығын насихаттап отыратын ақсақал мен ақ жаулықты әжені көремін деп ойламаңыз. Тұрсыновтың кемпірі де "Шалы" сияқты ауылдың қарапайым әйелі, өз жасына жиған ақылы, ұяты мен даналығы бар, жалпы айтқанда қазақ әйелінің жинақы образы. Және бұл фильмде атасы мен апасы немересіне ақыл айтып, тәрбиесімен айналысатын тұстарынан, немересі жаңа ғасыр технологиясы мен заңын көбірек үйрететін тұстары көп.

Біздің ұғымымызда адам кемпір мен шал болғанда бала-шағасының қызығын көріп, немерелерін бағып, солардың өмірімен өмір сүреді. Фильмдегі кемпір мен шал да бұған кетәрі емес еді, алайда күтпеген тосын жағдай бәрін өзгертеді. Бұған және шалдың бала кезден келе жатқан екі досы Байбет пен Сәрсенбай да «көмектесіп» жібереді. Әзілі жарасқан достар Қайырғали шалдың шамына тиіп, кемпірі Күлпәштің әлі қыздай екенін айтып, қызғанышын оятады. «Қызғанады, яғни жақсы көреді» дегенді ескерсек, әлі де сезім оты лаулап тұр дегенді білдірмей ме? Жас ұлғайған сайын жұптар бір-біріне туысқандай болып кетеді деген ұғымның парша-паршасын шығарып, режиссер егде жастағы адамдардың сезімін көрсетуге тырысады. Олар қалай жақсы көреді? Олардың сезімін не оятуы мүмкін? Әйеліне ұрсып жақсы көріп үйреніп қалған ерді не жібітуі мүмкін?

Алпысқа тақаған шағында, шал бозбала шағын есіне түсіріп, қайта ғашық болуды, сүюді үйренеді. Үйренгенде де, мектеп жасындағы немересі үйретеді.

Шешеміз қонаққа кетсе, әкеміздің тәбеті жоғалып, көңілі түсіп кететін жағдайлар әр отбасында орын алатын шығар? Фильмнің өзегі де осы, ал сюжеті «Күлсең – кәріге күл» желісіне құралған. Былайша айтқанда, ата мен апамыздың күлкілі қылықтарына құралған отбасылық комедия.

Айта кететіні, бұл фильм Ермек Тұрсыновтың "Келін. Шал. Кенже" деген триологиясына кірмейді. "Кенже" туындысы болашақта жарық көреді. Ал "Кемпір" комедиясын режиссер осы қиын-қыстау заманда, адамдардың жабырқаңқы көңілін көтеру үшін, сонымен қатар Наурыз мейрамына қарсы жақсы көңіл-күй тудыру үшін ұсынуды жөн көріпті. Фильмге шақырылған ресейлік қоюшы оператор Юрий Райский қазақ даласының сұлулығын көрермен назарына барынша жеткізгісі келсе, композитор Қуат Шілдебаев ретро әндерге жаңа дем беріп, туындыға Кеңес фильмдерінің сарынын қосуға тырысқан. Ал жалпы фильм Алматы облысында жиырма үш күнде түсірілген.

Сурет: facebook.com, Анар Мұстафина

Автор: Анар Мұстафина

A. Mustafina