Әзірбайжанда қазақ киносының күндері өтуде

Әзірбайжанда қазақ киносының күндері өтуде

Кеше Әзірбайжан астанасы Баку қаласында Қазақ киносы күндерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Баку қаласының үздік кинотеатрларының бірі «Низами» ғимаратында қазақ халқының музыкалық аспаптарының орындауында ұлттық әуен әуелеп, үлкен теледидар экранынан Қазақстан елі жайлы деректі кадрлар көрсетілді. Шараға келген қонақтар назарына Қазақстан табиғаты мен Астана, Алматы қалаларының көрікті мекендері бейнеленген стендтер мен еліміз жайлы ақпаратқа толы жаднамалар ұсынылды.

Мәдение шара Қазақстан мен Әзірбайжан елдерінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнауының 20 жылдық мерейтойының құрметіне арналған. Бұл Қазақстан және Әзірбайжан елшіліктерінің мерейтой аясында өткізілетін шараларының бастауы болды.

Салтанаттың ашылу рәсіміне халықаралық ұйымдардың өкілдері, Әзірбайжан парламентінің депутаттары, туризм және мәдениет министрлігінің қызметкерлері, шет елдердің елшілері қатысты. Әзірбайжан Республикасындағы ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі Серік Пірімбетов пен Әзірбайжан туризм және мәдениет министрінің орынбасары Адалят Влиев алғы сөз айтып, мәдени шараны ашық деп жариялады.

30 наурыз бен 1 сәуір аралығында өтетін мәдени шара аясында әзірбайжандық киносүйер қауым қазақ киносының төлқұжаты Сергей Қожықовтың «Қыз Жібек», Рүстем Әбдірашевтың «Балалық шағымның аспаны», Сламбек Тәуекелдің «Жерұйық» фильмдерін көре алады. 

Суреттер: kazakhfilmstudios.kz, trend.az

Ғ. Ұзақ